Облыс орталығында 2011 мен 2023-ші жылдар аралығында 200 көпқабатты үй жөндеу көрген. Биыл 3 көппәтерлі нысанның жедел сатысы мен шатыры ғана оңдалыпты. Бұл бұған дейін атқарылған жөндеу жұмысының ауқымына қарағанда аздау болуы мүмкін. Бұны биылғы алапат тасқын салдарымен күреспен түсіндіруге болады дейді қалалық әкімдіктегілер. Есесіне келесі жылы қалада біраз үй көркейеді. 2025-те 30 көпқабатты баспанаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Қаржы көзі: облыстық бюджет пен МИБ аясында жинаған ақша. Осы ретте тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әсет Ысмағұлов жаңадан пәтер сатып алған адамдарға неге бірден есепшот ашу қажеттігін айтты.
ӘСЕТ ЫСМАҒҰЛОВ, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
– Үйді өз атына тіркеген соң 15 күннің ішінде 2 есепшот ашу керек. Оның біреуі – күнделікті жұмыстарға, екіншісі – күрделі жөндеу жұмыстарына. Күрделі жөндеу жұмыстары үшін 3 жыл бойы ай сайын пәтер иелерінен 0,5 АЕК көлемінде ақша жинап отырамыз. Бұл алдағы уақытта жөндеу жұмыстарына бағытталады.
МИБ төрағаларының құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру керек.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандарының қатысуымен өткен жиында тағы бір өзекті мәселе қаралды. Басқосуда тараптар үйді басқаратын ұйым – МИБ төрағаларының құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру керек деді. Сонда бір шатыр астында туындаған түйткілдерді дауға ұластырмай, бәріне дұрыс түсіндіре отырып, тиімді шешуге болады.
СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:
– Кейде мүлік иелерінің бірлестігі төрағаларының ақша жинағандары тұрғындарға ұнамай қалып жатады. Кейде жөндеу жұмыстарының сапасы көңілден шықпай жатады. Жасыратыны жоқ, аталған ұйым жетекшілері жөндеуге деп жиналған ақшаны өз қалауымен жұмсауы мүмкін. Не арнайы құжат, не түбіртегін көрсетпейді. Бұл түйткілдерді “Бір үй-бір бірлестік-бір есепшот” принципіне сай етіп шешудеміз.
Жиын барысында Сергей Худяков үй басқару ұйымдарының жетекшілеріне тұрғындарға жаңа жүйенің тиімділігін түсіндіруге кеңес берді.
Нұрасыл Ахмет