ТЖ

Пештен иіс шыққанда дабыл беретін датчиктер орнатылып жатыр

Датчик дабыл береді. Дабыл терең ұйқыда жатқан адамды оятады. Қазір үйдің сыртын ит күзетсе, үйдің ішін дабыл күзететін заманға айналды. Амал нешік? Өңірде адамдардың түнде пештен шыққан иістен уланып, қаза тапқан жағдайлары аз емес. Қазір отын мен көмір алма-кезек салынатын қауырт кезеңде жылу мен қауіп көзі – пешке деген назар ерекше болуы тиіс.

Төтеншеліктер тағы да рейдке шықты. Бұл – Чапаев көшесіндегі үй. Клепиковтар шаңырағында төрт адам тұрады. Мұнда пеш ұқыптылықпен қолданылады. Пештің өзі бүтін, мұржасы түзу, күлі уақытында тазаланып отырады.

АЛЕНА КЛЕПИКОВА, қала тұрғыны:

– Қазір күн аязды. Біз отын соңынан көмір саламыз. Әйтпесе, үй лезде суып кетеді. Пешке дамыл жоқ. Сол себепті, тиісті қауіпсіздік ережесін қалт жібермеуге тырысамыз. Өткен жылы мұржасын тазалаттық. Пеш жанып жатса, қараусыз қалдырмаймыз. Немқұрайлылық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Мамандар Жұмысшы кентіндегі тағы бір үйге бас сұқты. Мұнда пештен саңылау табылды. Абайламаса, артынан қарай тұншықтырғыш газ дәл осы жерден шығуы мүмкін. Төтеншеліктер тиісті ескерту-ұсыныстарын айтты.

СЕРГЕЙ КОЛЕСНИКОВ, қала тұрғыны:

– Мұржаны бір ай бұрын ғана тазаладық. Пештің ішіне жағуға болмайтын дүниелерді салмаймыз. Аузын мықтап жабамыз. Шоқ сөнбейінше мұржаны жаппаймыз. Негізі, барлық қауіпсіздік шараларын ұстанамыз. Мамандардың айтқанын ескереміз.

ТЖД қызметкерлері қос үйге датчик тағып кетті. Мамандар түнде пештен иіс шыққанда дабыл беретін құрылғыны әлеуметтік осал топ өкілдерінің баспаналарына тегін орнатып жүр. Бұл қадам – тұншықтырғыш газдан улану жағдайларын азайтуға ықпал етеді дейді мамандар.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

– Көміртегі тотығы көзге көрінбейді және иісі де сезілмейді. Адамға баяу әсер етіп, есінен тандыра бастайды. Көбі оған мән бермей, тамақтан уланып қалған шығармын деп ойлауы мүмкін. Азаматтарға айтарымыз, пеш жаққанда абай болу қажет және оны қараусыз қалдыруға болмайды.

Жалпы, қала бойынша биыл 200-ден астам үйге датчик орнатылған.

 

Мәдина Қаби