Қоғам

Өңірдің 5 ауданында электр энергиясы қымбаттауы мүмкін

Журналистер алдындағы есеп! Табиғи монополияларды реттеу комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Дамир Тоқтамысов жыл басынан бері атқарылған істі қорытындылады. Бұл мемлекеттік орган коммуналдық қызметтер бағытында жұмыс жүргізетінін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бүгінгі күні біздің департамент 57 табиғи монополия субъектісінің 72 қызметін реттейді. Сумен жабдықтау, кәріз жүйелері саласында – 38 қызмет, электр энергетика – 2, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және онымен жабдықтау – 21, кірме жолдар саласында 11 қызмет.

Мамандардың жұмысына тоқталайық. Қызмет ұсынушы тарап немесе табиғи монополия субъектілері тарифті өзгерту үшін департаментке жүгінеді. Мысалы, биыл 132 өтінім түсіпті. Оның басым бөлігі қаралып, қорытынды жарияланыпты.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 52 өтінім қабылданды, 65 өтінім қабылданбады. Мақұлданбауға себеп – құжатттардың толық көлемде ұсынылмауы. Қазір 15 өтінімді қарап жатырмыз. Олар инвестициялық бағдарламаны және тарифті өзгертуге қатысты.

Брифинг барысында Дамир Тоқтамысов өңірдің Ақмола облысымен шекаралас 5 ауданында электр энергиясы қымбаттауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұған дейін қызмет ұсынушы компания департаментке жүгініп, кері жауап алыпты. Кемшіліктерді түзеген ұйым жақында тағы құжат жолдаған екен.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Электр энергиясы тарифін өзгерту бойынша өтінім түсті. Құжат өңірдің 5 ауданына қатысты. Қазір талдау жүргізіп жатырмыз. Жылуға келсек, әлеуметтік осал топтағы жандар үшін сараланған тариф енгізіледі.

Сараланған тариф арқылы төлем жасау үшін әлеуметтік осал топтағы жандар есептеу құралдарын уақытылы тексертіп отыруы керек. Ал егер мұндай жабдық болмаса, міндетті түрде орнатулары тиіс.

 

Байболат Құлтанов