Ауыл шаруашылығы

Колледжде болашақ механиктерге арналған интерактивті кабинет ашылды

Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде болашақ механиктерге арналған интерактивті кабинет ашылды.

Бұл бастама білім ұясының әлеуметтік серіктесі саналатын “СТ Эсэмбли” серіктестігінің материалдық қолдауының арқасында жүзеге асты. Бүгінде тараптар дуалды оқыту аясында жұмыс істейді. Ортақ мақсат – келешекте заманауи кәсіпорын қабырғасында еңбек ететін білікті маман даярлау.

BENEDIKT HELD, CLASS компаниясы өндіріс желісі мен бірлескен кәсіпорнының вице-президенті, Германия:

– CLASS компаниясы дуалды оқытуды қолдайды. Қазір әлемнің бірнеше еліндегі оқу орнымен осындай жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бізге білікті мамандар керек. Санға қарағанда сапаны құптаймыз. Осыған байланысты қарамағымыздағы серіктестік колледжбен әріптестік орнатты. Былтыр осы жерде болдық. Сол кезде бізге барлығы ұнады.

Жарық әрі жылы кабинет интерактивті саналады. Мұндағы басты дүние – соңғы үлгідегі тақта. Оның көмегімен болашақта техника тізгіндейтін, жөндейтін және жинайтын студенттер мамандықтың қыр-сырын жан-жақты меңгереді. Яғни, тәжірибе кезінде ауадай қажет теориялық білім алады. Қуантатыны, колледжде 40-тан аса бала “Механик” мамандығында оқиды.

СЕРІК ҚҰЛАТАЕВ, Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің бөлімше меңгерушісі:

– “Механик” мамандығы бойынша 44 бала оқиды. Осындай кабинетті ашып берген серіктестікке алғыс айтамыз.

“СТ Эсэмбли” серіктестігі әріптестік аясын кеңейткісі келеді. Жақын келешекте кәсіпорын өңірдегі өзге де колледждерде осындай интерактивті кабинеттер ашуы мүмкін.

 

Байболат Құлтанов