БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Бұл атаулы дата күнтізбеде осыдан тура 20 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен пайда болыпты. Содан бері әлемде қоғам дертіне қарсы жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Алға жылжуға негізделген істен Қазақстан да қалыс қалған жоқ. 2019 жылы елімізде Президент жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Ол бірден Мемлекет басшысына тікелей есеп беретін тәуелсіз құқық қорғау органына айналды.
Агенттіктің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Оның бірнеше жолы бар. Жоспарға жастармен жұмыс та кіреді. Бұл тұрғыда жергілікті департамент белсенді.
АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Қазіргі таңдағы ең басты мәселе – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті жастардың бойында қалыптастыру. Жастар – елдің болашағы, тірегі. Ертеңгі саясаткелер, экономистер осы жерде отыр.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Қозыбаев университеті қабырғасында интелектуалдық сайыс өтті. 4 кезеңнен тұратын брейн-ринг барысында 6 командаға бөлінген жастар заң бұзушылықтарға қатысты сұрақтарға жауап берді. Алғыр ұл-қыздардың додасына Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің ұжымы да қатысты.
АРАМ, брейн-ринг қатысушысы:
– Сайыс барысында “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы не білеміз?” деген сұрақ қойылды. Толық жауап іздедік, нәтижесінде қоғамды алаңдатқан мәселеге қатысты білімім толықты. Маған бәрі ұнады. Сонымен қатар, бірсыпыра адаммен таныстық. Олар да жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты тоқтатуға ниетті. Пікір алмастық, мамандардың, ұстаздардың ақыл-кеңесін тыңдадық.
Мұндай шараның берері мол. Арнайы әзірленген сұрақтарға жауап берген, бұзушылықтың салдары неге әкеліп соғатынын ұғынған жастар жемқорлықтың ауылына жақындамайтыны айдан анық. Осы орайда мынандай жайтпен де бөлісеміз. Егер кез келген адам бармақ басты, көз қысты әрекетті байқаса, жауапты органға хабарласа алады. Ақпарат үшін сыйақы қарастырылған. Бұл жайлы агенттігінің төрағасы соңғы сұхбаттарының бірінде кезекті мәртте айтты.
АСХАТ ЖҰМАҒАЛИ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
– Сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін санкциялар, әсіресе құқық қорғау органдары қызметкерлері, судьялар, парақорлар мен парақорлықтағы делдалдар үшін барынша қатайтылды. Қатаң және аса ауыр жемқорлық бойынша қылмыстар үшін сотталғандар шартты түрде босатыла алмайды. Құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға төлемдер артты. Олар қылмыстың ауырлығына байланысты параның немесе келтірілген зиянның 10%-ына дейін алуға құқылы. Ең жоғары сыйақы шамамен 15 млн теңгені құрады.
Өңірге қатысты сандармен де бөлісейік. Жыл басынан бері аймақта 36 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Жоспарланған заң бұзушылық фактілері бойынша 5 адам департаментке хабарласыпты. Оларға 1 млн теңгенің үстінде сыйақы берілген.
Байболат Құлтанов