Спорт

Петропавлда атақты палуанды еске алуға арналған 5 күндік турнир басталды

Облыс орталығында жерлесіміз, КСРО-ның спорт шебері Уәлихан Нұркеевті еске алуға арналған грек-рим, еркін және әйелдер күресінен жасөспірімдер арасында дәстүрлі турнир басталды.

Алдымен грек-рим күресін таңдаған балалар ортаға шықты. Жұмабаевтық пен жамбылдық жасөсіпірім біраз аңдысты, біраз күш сынасты. Екеуінің шеберлігі бірдей деуге болады.

Бірақ, жамбылдық Аслан Серікбай кездесудің ортасында белсеніп, қарсыласының жауырынын бозкілемге тигізді және осы қалпында бірнеше секунд ұстап тұрды. Төреші “Жеңіс” деген белгі берді.

АСЛАН СЕРІКБАЙ, жарысқа қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Менің салмағым – 24 келі. Маған қарсыласымды жеңу аса қиындық тудырмады. Үшінші жыл күреспен айналысамын.

Турнир республикалық статусқа ие. Оған өңіріміздің аудандарынан бөлек, еліміздің бірнеше қаласынан жас палуандар келген.

МАРАТ ӨТЕНОВ, төреші:

– Сайысқа Астана, Атбасар, Көкшетау, Петропавлдан және әр ауданнан келген балалар қатысуда. Жастар әр күрес түрінде 10 салмақ бойынша бақ сынайды.

Бәсі биік додаға Уәлихан Нұркеевтің жақындары мен жолдастары көрермен ретінде қатысты. Орынша Нұркеева – азаматтың туған әпкесі. Ол палуанның еңбегін атап өтті.

ОРЫНША НҰРКЕЕВА, КСРО-ның спорт шебері У.Нұркеевтің әпкесі:

– Ініме арналған турнир жыл да өтеді, ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Уәлихан күрес десе ішер асын жерге қоятын жан болды. Өзі күресті, облыста қаншама бала тәрбиеледі. Оның шәкірттері үлкен белестерге жетіп, халықаралық дәрежедегі сайыстардан жүлделі орындар алды. “Жақсының аты өлмейді” демекші, інімнің еңбегі ұмытылмағанына қуаныштымын.

Сайыс шаһарда 5 күнге созылады. Додаға қатысып жатқан палуандардың саны 500-ден асып жығылады.

 

Мәдина Қаби