Бескөлде “Қызылжар KIDS” жобасы аясында отбасылық спартакиада өтті. Спортшыл әрі ұйымшыл жанұялар түрлі эстафеталық ойын ойнап, сынға түсті.
Эстафеталық ойын түрі көп. Мәселен, мына жерде қос тіземен қапсыра ұстаған допты түсіріп алмай кедергілерден өту керек. Оның өзінде жылдамдықты жоғалтпай, бәрін дұрыс орындаған абзал.
Сұлтанғазиндер отбасы – белсенді жанұялардың бірі. Ерлі-зайыпты кезектесіп ата-аналар жиналысына да барады, спорттан да қалыс қалмайды. Өйткені, мұндай шаралар жанұяның ұйымшылдығын арттыра түседі дейді.
ОЛЖАС СҰЛТАНҒАЗИН, Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Осындай іс-шаралар ауданда көбірек болып тұрса екен дейміз. Ата-аналар да белсенді қатысатын еді. Біз “Парасат” мектеп-лицейінің атынан қатысып жатырмыз.
Әрқайсысы 3 адамнан құралған 6 команда сайыста бар күштерін салды. Біреуі құлап қалса, топ мүшелері көмекке жүгірді. Көрермендер де әжептәуір жиналған. Қолдауы да қызу.
АЙНҰР ДАНИЯРОВА, Қызылжар аудандық білім бөлімінің әдіскері:
– Спартакиадаға Қызылжар ауданының мектепке дейінгі ұйымдарының барлығы қатысып жатыр. Жобаның мақсаты – балалардың денсаулықтарын нығайту және білім беру ұйымымен ата-аналардың арасындағы серіктестікті нығайту.
Жеңіске жеткендер медаль мен марапаттау қағаздарына ие болды.
Мәдина Қаби