Кеше ел көлемінде қалалық және аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы өтті.
Үміткерлер белгілі бір себеппен шығып қалған халық қалаулыларының орнын басады. Науқан өтетін күні арнамыздың түсірілім тобы Аққайың ауданына қарасты Ленинское ауылына барды. Мұнда №110 сайлау учаскесі орналасқан. Елді мекен гүлденіп, өзекті мәселелер шешімін тауып, халықтың әл-ауқаты артуы тиіс. Дәл осындай азаматтық ұстаныммен ауыл тұрғындары таңғы 7-ден бері дауыс беру орнына ағылуда.
БЕЙБІТ ӘБІЛОВ, №110 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, Аққайың ауданы:
– Сайлау учаскесіне мекенжайлары бойынша 747 адам тіркелген. 2 сағаттың ішінен 125 адам дауыс берді. 3 адам депутаттыққа түсіп жатыр.
Зор жауапкершілікті талап ететін маңызды саяси шараға денсаулығына байланысты келе алмағандар да бар. Тұрғындар алдын ала учаскеге хабар беріп, өтініш жазған. Комиссия мүшелері өтініш жасаған әр үйге барады екен. Сайлау – демократия жолындағы зор қадам. Ауыл тұрғындары ел таңдаған жандар маңызды мәселелерге бейжай қарамайды деген сенімде. Ал ондай проблемалар өңірімізде баршылық деп айтуға болады.
– Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Сол себепті, осы ретте оған деген сенім зор. Депутат халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оны шешу үшін әрекет етуі керек.
– Үміткерлердің барлығымен таныспын. Депутат халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешуге көмектесуі тиіс. Лайықты адам сайланып, ауылымызды көркейтуге өзінің үлесін қосады деген сенімдемін.
Бұл күні мәслихат депутаттарын сайлау Петропавлда және 10 ауданда 17 ауылдық округінде өтті.
Нұрасыл Ахмет