1948 жылдың 10 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады. Осылайша, халықаралық күнтізбеде Адам құқықтары күні пайда болды. Бүгінде елімізде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл бар. Оның әр өңірде өкілдері жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстан облысында жауапты қызмет Жанат Жұмабаевқа сеніп тапсырылған. Оған сотталғандар жиі жүгінеді екен. Мысалы, лауазымды тұлға 2024 жылы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне барғанда 100-ден аса жазасын өтеушімен жүздескен. Нәтижесінде мәселелер тікелей баяндалған, шағым қалдыруға немесе түсініктеме алуға мүмкіндік туған.
ЖАНАТ ЖҰМАБАЕВ, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі:
– 2024 жылы азаматтардың 120 жеке қабылдауы өткізілді, оның ішінде 102 сотталған қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне бару кезінде қабылданды. Сонымен қатар, мен мекемелердегі жағдайға назар аударамын. Сапарлар кезінде бейнекамералармен 100% жарақтандыру бар ма, бұл жүйе қалай жұмыс істейді, бейнекамералардан жазбалар прокуратураға және қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне тікелей түсе ме дегенге бірінші кезекте мән беремін.
Байболат Құлтанов