Ауыл шаруашылығы

СҚО-да «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша несиелендіру басталды

Ел Президенті жылдағы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына тоқталады. Биылғы қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев егіс науқанына әдеттегі нормадан 2 есе көп қаражат бөлінгенін мәлімдеді. Соның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұлай жалғаспауы тиіс. Жүйеге саланы алға жылжытатын, диқандарға көмек болатын өзгеріс керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет.

Бейінді министрлік көпке созбады, «Кең дала-2» деген бағдарламаны қолданысқа енгізді. Ол жайлы 200 гектар жерде жасымық, зығыр және бидай өсіретін «Омаров» шаруа қожалығының басшысы Төлеген Омаров бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіпті. Зерттеп көрген. Тиімді екенін ұғынған соң тиісті құжаттарды жинап, Жамбыл ауданынан Петропавлдағы Аграрлық несие корпорациясына келген. Мұнда 7 миллион теңге займ рәсімдеген.

ТӨЛЕГЕН ОМАРОВ, “Омаров Т.М” ШҚ директоры, Жамбыл ауданы:

– Теледидар арқылы жылдық үстемеақысы небәрі 5% құрайтын несие берілетінін білдік. Шарттары бізге ұнады, қарызды 2026 жылдың 1 наурызына дейін қайтару қажет. Өте тиімді дегім келеді. Қаржы ұйымына келгенде мамандар қарсы алып, барлығын түсіндірді. Займ айналым ақшасын толтыруға, жанармай мен қосалқы бөлшектерді сатып алуға қажет. Мемлекеттің қолдауымен ақырындап алға жылжып жатырмыз.

«Кең дала-2» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарын қаржыландыруға арналған өтінімдерді Аграрлық несие корпорациясы 29-шы қарашадан бастап қабылдап жатыр. Бұл тұрғыда солтүстікқазақстандық диқандар белсенді. Жерлестеріміз ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектерді, тұқым мен жанар-жағармайды осы күннен сатып алу үшін жаппай ұйымға жүгінуде.

ДӘУРЕН ТОҚОЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Небәрі үш күн ішінде 1,3 млрд теңге берілді. Қазір жалпы құны 3,4 млрд теңгенің 26 өтінімі қаралып жатыр. Бағдарламаның басты артықшылығы – 5 пайыздық үстемақы. Сонымен қатар, кепілдік жетіспеген жағдайда “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгінуге болады. Аталған ұйым 85% кепілдік ұсынады.

2024 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге аграрлық корпорация арқылы 122 млрд теңге бөлінді. Өтiнiш берушіге қойылатын негiзгi талаптар: кемiнде 3 жылдық жұмыс тәжiрибесі, жерінің болуы және мерзiмi өткен төлемдердiң болмауы.

АРМАН САЛЫҚОВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ директоры:

– «Кең дала-2» бағдарламасы өзін жақсы жағынан көрсетті. Ол өзінің тиімді шарттарымен өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қызықтырады десем болады. Берешекті 18 айда өтеу қажет. Мысалы, 2025 жылдың қараша айына дейін 50% ұсынылса, 2026 жылдың наурызына дейін қалған 50% өтеледі. Өте қолайлы. Диқан 10 млн теңге займ рәсімдесе, ол 1,5 млн теңгеге кепілдік зат ұсынады. Ал қалған 8,5 млн теңгені «Даму» қоры береді.

Айта кету керек, қаражат екінші деңгейлі банктер, несиелік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Аграрлық несие корпорациясы арқылы қолжетімді болады. Өтініш беру бойынша қосымша ақпарат Agrocredit.kz. сайтында бар.

 

Байболат Құлтанов