2025 жылдан бастап елімізде электр және жылумен жабдықтау саласындағы маңызды өзгерістер күшіне енеді. Жаңа заңға сәйкес электр энергиясын өзінің электр желісі бар және кепілдік беретін жеткізуші болып табылатын ұйым ұсынуы тиіс. Осы ретте өңірдің қуат көзімен қамтушы кәсіпорындарда бірқатар өзгеріс орын алып жатыр.
МАҒАУИЯ САҒАНДЫҚОВ, «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директоры:
– 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгерістер нәтижесінде «Севказэнергосбыт» серіктестігі қаланы энергиямен жабдықтау бойынша қызмет беруді тоқтатады. Енді бұл іспен “СҚ Электржелістік тарату компаниясы” айналысады. Тұрғындарға айтарымыз, құжат рәсімдеу мәселесі бойынша алаңдамаңыздар. Біз қаулы мақұлданған күннен бастап қамдандық. Әр тұтынушыға 2 ай бұрын хабарлама жібердік. Заңды тұлғалар орталыққа келуі тиіс. Онда жеке жаңа жеткізушілермен қосымша келісім жасау туралы айтылған.
Қазірдің өзінде компанияға 4300 тұтынушы келісімдерді рәсімдеу үшін көмекке жүгінген. Бұл ретте тұрғындарға айта кететін бір жайт бар, жаңа жылдан бастап тұрғындар жылумен қамту қызметі үшін “Петропавл жылу жүйелері” серіктестігінің реквизиттері арқылы төлем жасайды.
МАҒАУИЯ САҒАНДЫҚОВ, «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директоры:
– Бізге күніне 200-ден астам адам келіп құжаттарын рәсімдеуде. Орын алған өзгерістерге наразы болып жатқан тұтынушылар да бар. Олармен біздің мамандар әңгімелесіп, барлығын бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берді.
Айта кету керек, көпқабатты үйлерде тұратын тұтынушыларға келісімшарт жасау талап етілмейді. Тек заңды тұлғалар ғана, яғни өзінің жеке кәсіпкерлігі бар адамдар ғана құжатты қайта жасауға міндетті.
АЛЕКСАНДР ЧЕКУЛАЕВ, “СҚ Электржелістік тарату компаниясы” АҚ бас директоры:
– Бұл бағытта қалалық энергетика және ТҮКШ бөлімімен жұмыс істеп жатырмыз. Бізге көбі телефон арқылы төлем жасайды. Бірақ, аға буын өкілдері смартфон қолдану білмейді. Сол себепті, өзіміздің қызмет көрсету орталығымыз бар екенін айта кетейін. Ғимарат Жұмабаев көшесі, 66 мекенжайында орналасқан. Онда 2 касса жұмыс істеп тұр.
Айта кету керек, жаңа заң аясында тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды тек меншікті электр желілері бар ұйымдар жүзеге асыра алады. Бұл «Севказэнергосбыт» серіктестігінің жұмысын тоқтатуына әсер етіп отыр.
Нұрасыл Ахмет