МТРА жаңалықтары

Петропавлдық кәсіпкердің өтініші негізінде өзгеріс орын алады

ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторды сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Ерлан Сейітов «Радуга» серіктестігімен танысты. Кәсіпорынның пластик бұйымдары күллі елге және Ресейдің көршілес аймақтарына таныс. Былтыр шығарылған мұндай өнімнің жалпы құны 2 млрд теңгені құрапты.

Серіктестің тағы бір бағыты – сабын мен сулы сүлгілер өндірісі. Ерлан Сейітов нысанды аралап, жұмыс барысымен танысып шықты.

Қағаз фабрикасында да мамандар еңбек етіп жатыр. Серіктестікпен танысу барысында бас директордың орынбасары Дәурен Қатранов толғандыратын жайтты тілге тиек етті. Жерлестеріміз кейде мемлекеттік сатып алу ісінде қиындықтарға тап болады екен. Бұл кемшілікпен Ерлан Сейітов хабардар екенін айтты.

ЕРЛАН СЕЙІТОВ, ҚР ҚМ мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторды сатып алу заңнамасы департаментінің директоры:

– Техникалық тұрғыда ұсыныс қабылдадым. Бұл мәселені біз білеміз, қазір оны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге қарастырып, шешу жолдарын нақтылап жатырмыз. Бізге тауар коды бағытында нақтылық қажет. Мемлекеттік сатып алу ісінде сауда сандар арқылы жүргізіледі. Өнім сатып алушыға жету қажет. Яғни, ол таңдау кезінде қателеспеуі міндетті. Ұсыныс орынды, көп кешікпей мәселе шешімін табады деген сенімдемін.

Танысу шарасы соңында министрлік өкілі «Зеленый Север» серіктестігіне қарасты жылыжайда болды. Жыл басынан бері мұнда 2 мың тоннаға жуық қияр өсіріліпті.

 

Байболат Құлтанов