Экономика және қаржы

Мемлекеттік сатып алудағы өзгерістер

Президент Мемлекеттік сатып алу туралы ҚР заңына қол қойып, өзгерістердің енгені белгілі. Салада 2025 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жаңа талаптар күшіне енбек. Өзгеріс тендер саласына қатысты. Өңірге жұмыс сапарымен ҚМ Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторы сатып алу әдіснамасы департаментінің директоры Ерлан Сейітов арнайы келіп, жаңашылдықтармен таныстырды.

ЕРЛАН СЕЙІТОВ, ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторы сатып алу әдіснамасы департаментінің директоры:

– Жаңа заң арқылы барлық процесті электронды портал арқылы көре аламыз. Бастама пайдаланушыға адами факторды қоспағанда, сатып алудың барлық кезеңдерін қадағалауға мүмкіндік береді. Негізі, қаржы саласы – ең күрделі бағыттардың бірі. Біз мердігерлердің жұмысын азайттық. Олар енді бір құжат үшін нотариусқа бармай, өздері үйлерінде отырып-ақ рәсімдей алады.

Заң сатып алу жүйесін жетілдіруге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ, құқықтық-әлеуметтік-экономикалық аспектілерге қол жеткізуге бағытталған. 2025 жылдан бастап әлеуетті мердігерлер тізімі жасалады. Тауар биржалары арқылы сатып алуға тыйым салынады. Өнім берушілерді бақылау күшейіп, мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық бақылау жүргізу мүмкіндігі енгізілді.

ЕРЛАН СЕЙІТОВ, ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторы сатып алу әдіснамасы департаментінің директоры:

– Мемлекеттік сатып алу экономиканың дамуына зор ықпал тигізеді. Бұл күрделі заң деп айтуға болады. Бүгінгі таңда сатып алу жүйесінде қол жеткізген жетістіктерді жаңа заңда сақтауға тырыстық. Алайда, сонымен бірге, ұзақ мерзімдер, шағымдар, кейде сапаның болмауы, басқа да күнделікті мәселелер осы қаулыда шешілетін болады. Барлық рәсімдерді толығымен жеңілдеттік.

Қаржы министрлігі 2024 жылдың 16 қыркүйегіндегі бұйрықпен бірыңғай сатып алу платформасын пайдалану қағидаларын бекітті. Бүгінгі күні конкурсты өткізу мерзімі шамамен 2 айды құрайды. Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңға сәйкес егер мердігер бұрын-соңды сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған болса, тендерге қатыса алмайды. Тағы бір жаңашылдық, қаулы аясында мемлекеттік сатып алудағы жұмыс көлемі 50-ден 30 пайызға дейін қысқарып, бақылау күшейе түспек.

ДАНИЯР БАКИШЕВ, ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитеті камералдық бақылау басқармасының басшысы:

– Тендер өткеннен кейін мердігердің кейбір дүниелерге көңілі толмаса, ол 3 күннің ішінде ұйымдастырушыға шағым түсіре алады. Бірақ, бұрынғыдай бетпе-бет кездесіп емес, тек электронды портал арқылы. Осы арқылы біз мемлекеттік сатып алудың әділ өтуін қадағалай аламыз. Айта кету керек, тендерді ұтқан азаматқа ақша бөлінгеннен бастап, нысан тапсырылғанға дейінгі процесс бақылауда болады.

Басқосуда Ерлан Сейітов мердігерлердің қойған сұрақтарына жауап берді. Жасыратыны жоқ, тендерді ұтып алған кейбір іскер жандар бөлінген ақшаны жымқырып, нысанды белгіленген уақытта тапсырмай, сапасыз салған жағдайлар кездесіп жатады. Жаңа заң бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.

ОЛЬГА ПРУДОВИКОВА, серіктестік директоры:

– Енгізілген әрбір жаңа заң адамдарға пайдалы болуы тиіс. Жиынды асыға күттім. Өйткені, осыған дейін мемлекеттік сатып алуда көп дүниені білмей жүрдім. Өте тиімді екен. Бір құжатты рәсімдеу үшін нотариустарға барып жүрмейміз. Үйде отырып-ақ барлығын істей аламыз.

Жиын соңында заң бұзған немесе тиісті ережені сақтамаған мердігерді жауапкершілікке тарту жайлы айтылды.

 

Нұрасыл Ахмет