Осыдан 5 жыл бұрын облыста 10-ға тарта жасөспірім суицид жасаған болса, биыл 2 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Сандардың төменге сырғығанын көреміз. Осы салада еңбек етіп, өзекті мәселенің алдын алуға күш салып жүрген жандардың сөзінше, статистиканың өзгеруіне нәтижелі профилактикалық жұмыс себепші. Алайда, әлі жағаны жайлауға жібере алмаймыз. Көрсеткішті 0-ге жеткізу – басты міндет. Маңызды мәселе облыстық психикалық денсаулық орталығында талқыға салынды.
ДӘУРЕНБЕК БЕЙСЕМБАЕВ, СҚО психикалық денсаулық орталығының директоры:
– Жағдайды одан әрі жақсарту үшін біз мектеп психологтарымен, психологиялық-педагогикалық орталықтардың өкілдерімен жұмыс істейміз. Осы жылдың маусым айында Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен бұйрығы шықты. Ол өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алуға қатысты. Соған байланысты 7 жасөспірімді орталыққа жатқыздық, олар біздің бөлімшеде емделді, психологиялық көмек көрсетілді. Осы сияқты жұмыстарды әлі де жалғастыратын боламыз.
Жастарға арналған бөлімше өткен жылы ашылды. Ол психосоматика және невроз деп аталады. Бұл жерге қатер тобындағы жасөспірімдер түседі. Оларға білікті психологтар мен дәрігерлер көмек көрсетеді. 5 палатадан тұратын бөлімше қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған, шағын кітапхана мен бос уақыт өткізу орны да бар.
ОЛЕГ ИСАКОВ, СҚО психикалық денсаулық орталығының психологы:
– Жұмыс топтық және жеке түзету форматында жүргізіледі. Тұлғалық өсу тренингтері өткізіледі, эмоциялық жағдайды тұрақтандыру бойынша сабақтар болады, релаксация техникаларын да оқытамыз. Бұл жерде жасөспірім өзін үйіндегідей сезінуі қажет. Алғашқы кезде қиындау болады. Келген бала ашуланады. Ал біздің міндетіміз – олардың өмірдің қуанышын қайтадан сезінуін қамтамасыз ету.
Жасөспірімдер түрлі себеппен суицидке барады. Жауапсыз махаббат, отбасындағы проблемалар, балалар арасында көрсетілетін қысым. Яғни, әртүрлі жағдай болады. Мұндайда психологтар өздерінің әдіс-тәсілдерін өзгертеді. “Семинар – әріптестермен кездесіп, тәжірибе алмасудың ең тиімді жолы”, деп есептейді педагог-психолог Татьяна Попова.
ТАТЬЯНА ПОПОВА, А.Байтұрсынов атындағы №9 орта мектебінің педагог-психологы:
– Өмірлік қиын жағдайға тап болған, қолдауға мұқтаж балалармен кездескен кезде мен нақты проблеманы анықтап, емханаға қайта жіберемін. Онда мінез-құлықты түзету бойынша жұмыс жалғасын табады. Сонымен қатар, ата-аналармен байланыс орнату үлкен рөл атқарады. Оларға үнемі кеңес береміз. Осындай семинарларды құптаймын, жиі өткенін қалаймын. Жаңа қаншама маңызды дерек айтылды, барлығы біздің салада қажет.
Ал ересектер арасындағы ахуал тіпті алаңдатады. Жыл басынан бері өңірде 130-дан астам адам өз-өзіне қол жұмсаған. Мамандардың айтуынша, көбінесе ипотека, несиелер мен қарыздар болашаққа балта шабады. Тағы бір дерек: өмірмен қоштасуға шешім қабылдағандардың 70%-дан астамы – психикалық тұрғыда сау адамдар.
Мәдина Қаби