Экология

Заңсыз шырша кескендер 370 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Орманшылардың жұмысы оңай емес. Мамандар көктем, жаз айларында ағаш егіп, отын босатса, қыста шырша күзетумен айналысады. Тиісінше, заңсыз әрекеттердің орын алуына жол бермейді. Міне, біз қазір “Аққайың” орман шаруашылығына келдік. Мұнда желтоқсан айының алғашқы жұлдызынан шырша күзеті күшейтілген.

Жаңа жыл жақындаған сайын өңірде шырша саудасы қызады. Сатылатын қылқан жапырақтылар Ресей елінен әкелінсе де пысықайлар табысқа заңсыз жолмен кенелгісі келуі мүмкін. “Аққайың” орман шаруашылығында құрылған стационарлық бекеттер мен арнайы мобильді топтар мереке көркін келтіретін ағашты асқан қырағылықпен қорғайды. Табиғат жаңашырлары 31 желтоқсанға дейін күні-түні кезекшілік жасайды. Тұрақты түрде рейдке шығады.

ТІЛЕК НҰРҒАЛИМОВ, “Аққайың” орман шаруашылығы директорының орынбасары:

– Шаруашылығымыздың жалпы ауданы 50 мың гектарға жуықтайды. Мекемеде барлығы 61 адам жұмыс істейді. 23 техникамыз бар. Барлығы тегеурінді. Күн сайын аумақты 2 адамнан күзетеді. Қазір қар аса көп түсе қойған жоқ. Көліктеріміз барлық жерде жүре алады. Қалың ұлпа түссе, қар кешкіш көлігіміз бар. Сол арқылы маңайды сүт пісірім уақытта аралап шығамыз.

“Орман көркі – ағаш” деп бекерден-бекер айтылмаған. Бәрімізге белгілі, жапырақтылар бір жылдың жайқалып шықпайды. Толықтай өсуіне ондаған жылдар қажет. Сол уақыт арасында жасыл желекті көздің қарашығындай сақтайтын осы мамандар. Шындығын айтқанда, орманшылардың қоршаған ортаға қосатын үлесі өлшеусіз.

ӘСЕТ ӘСКЕРОВ, “Аққайың” орман шаруашылығының орманшысы:

– Шаруашылықта 12 патрульдік машина бар. Әр 3 сағат сайын орталыққа жағдайды баяндап отырамыз.

Мамандар таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Орманшылар техникамен толық қамтамасыз етілген. Олар мына бекетке келіп, орталыққа жағдайды баяндап отырады.

Соңғы 3 жылда өңірде заңсыз шырша кесу фактісі тіркелмепті. Тұрғындардың құлағына алтын сырға, қылқан жапырақты рұқсатсыз кесілсе, 100 АЕК, яғни 369200 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Айта кету керек, облыс бойынша маңызды жұмысқа 11 стационарлық бекет пен 93 мобильді топ құрылған.

 

Нұрасыл Ахмет