Білім

Мектеп директорлары мен есепшілеріне жемқорлыққа жол бермеу керектігі жайында айтылды

Өңірдің білім беру саласы – қаржы көп құйылатын бағыттардың бірі. Жасыратыны жоқ, қаржы бөлінуін бөлінеді, бірақ, кейде тиісті жеріне жетпей қалып жатады. Оған дәлел – Айыртау аудандық білім бөлімінің бухгалтері өзіне және әріптестеріне жалақыны заңсыз аудару арқылы 4 жарым млн теңге бюджет ақшасын ұрлағаны. Оның кінәсі толығымен анықталып, биыл 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылғаны бәрімізге белгілі. Бұдан бөлек, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мамандары өзге де аудандарда мұндай бұзушылықтар мен қаржының дұрыс игерілмеу фактілерін тіркеген болатын. Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің қызметкерлері аталған жағдайлардың алдын алу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Осы орайда кеше Оқушылар сарайында мектеп директорлары мен есепшілерінің басын қосты.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Мемлекетіміздің дамуына зор ықпал тигізетін осы білім саласы деп айтуға болады. Өкінішке қарай, аталған салада жемқорлық әрекеттері көп кездеседі. Біз сіздермен профилактикалық шараларды жиі өткізсек те статистика азаяр емес. Жастарымызды тәрбиелеп, білім беріп отырған мекемелердің өзінен осындай бұзушылықтар анықталуда. Бұл сұмдық қой. Сондықтан, мектеп директорларына айтарым, ешқашан жемқорлық әрекетке жол бермеңіздер. Есепшілерді үнемі қадағалап отырыңыздар.

Жиында мектеп басшылығына есепшілермен профилактикалық жұмыс жүргізу қажеттігі туралы айтылды. Бөлінген қаражаттың игерілуі басты назарда болуы тиіс. Жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында барлық өңірде бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесі енгізілген. Бұл алаяқтықты уақытылы тоқтатуға, жалған деректердің енгізілуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Ақпараттық жүйе қызметкерлердің жеке деректерін дұрыс енгізуді қамтамасыз етеді. Білікті педагог әрі қалалық мәслихат депутаты Ләззат Жалмұқанова шараның маңыздылығына тоқталды.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

– Білім саласында 40 жылға жуық қызмет етемін. Бүгінгі жиынның арқасында енгізілген жаңашылдық жайында толық ақпарат алдым. Бухгалтерлік жүйе арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мектептерге бөлінген қаржынының игерілгенін онлайн форматта бақылайды. Мұны оң бастама деп айта аламын. Нәтижесінде ақша жымқыру фактілері азаяды деген ойдамын.

Жиында айтылғандардың бәрін мектеп директорлары мен есепшілері қағаз бетіне түртіп алып отырды. Шараға барлығы – 70-ке жуық маман қатысты.

 

Нұрасыл Ахмет