Жазда да, қыста да полицейлер мен құтқарушылардың жанынан табылатын кімдер? Волонтерлер. Оқыс оқиғаның алдын алу үшін ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Оған да уақыт, оған да күш керек. Осы ретте волонтерлердің атқаратын рөлі айрықша. Евгений Соловьевтің еріктілікпен айналысқанына 8 жылдан асқан. Бұл істі өмірінің мәні санайды.
ЕВГЕНИЙ СОЛОВЬЕВ, СҚО бойынша іздеу жасағының жетекшісі:
– Есте қалған жайттар көп. Көңілге қаяу түсіргені де, көңілге қуаныш сыйлағаны да бар. Жоғалған адамды аман-есен күйінде тез тауып алған сәттегі бойдағы қуаныш пен мақтаныш сезімін жеткізу мүмкін емес. Біздің қатарымызда қазір 300-ден астам волонтер бар.
Солтүстікқазақстандық волонтерлер тасқын кезінде ерледі. Олар адамдарды эвакуациялауға қатысты, иесіз қалған жан-жануарларды азықтандырды, гуманитарлық көмекті бөліп, таратты.
РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
– Төтенше жағдайлар кезінде еріктілер азаматтық қорғау қызметтеріне төтенше жағдайдың алдын алуға зор үлесін қосады, яғни гуманитарлық көмекті жеткізуге, төтенше жағдай орын алған жерде проифилактикалық-насихат жұмыстарын жүргізуде және де азаматтық қорғаныс саласының күнделікті жұмысы кезінде де бірге жұмыс істейміз. Мәселен, өрт қауіпсіздігі, суға түсу қауіпсіздігі бойынша өткізілетін шараларға қатысады.
Құтқарушылар мен волонтерлердің бірлесіп атқарып жатқан жұмыстары өнімді. Бұл іскерлік қарым-қатынас бүгін тиісті меморандуммен бекітілді.
Сондай-ақ, жиын барысында бірқатар волонтерлік ұйым департамент басшылығының алғыс хатымен марапатталды.
Данаш Хамза