Балалар

Диагноз расталмады: мектепте сылақ құлаған балалар үйлеріне жіберілмек

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Менің артымда Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп орналасқан. Бұл білім ұясында кеше кешкілік не болғаны дүйім жұртқа жақсы мәлім. Оқу ордасының математика сыныбындағы сылақ құлап, 3 бірдей бала зардап шекті. Ақпар желіде желдей есті, тұрғындардан неше түрлі пікір тарады. Оқиғаның мән-жайын білу үшін бүгін шағын журналистік зерттеу жасап көрдік.

Мектептің төбесі құлап, 3 бала зардап шекті, олар жабық бассүйек-ми жарақатымен ауруханаға жатқызылды! Кеше әлеуметтік парақшаларда осындай жаңалық жарияланды. Бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Талдап қарайық. Оқу ошағында төбе емес, сыныптардың біріндегі сылақ құлады. Оның қалыңдығы 5 мм маңайында, ал ауданы 2 шаршы метрге де жетпейді. Оқушылардың емдеу мекемесіне жеткізілгені рас. Таңертең облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы мынандай қорытындымен бөлісті.

АЛЕКСАНДР ГАССМАН, СҚО көпбейінді балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы:

– Кеше 18:28-де біздің ауруханаға 12-13 жас аралығындағы 3 бала түсті. Балаларды шұғыл түрде тексердік. Оларды травматолог пен невропатолог дәрігер қарады. Жабық бассүйек-ми жарақаты анықталмады. 2 оқушының арқасы жарақаттанған, ал 1 баланың басы жеңіл түрде зардап шеккен. Алаңдауға еш негіз жоқ. Бүгінде науқастар өздерін жақсы сезінеді, түнде дабыл қағатындай жайт тіркелмеді, шағым түспеді.

“Неге бастапқыда жабық бассүйек-ми жарақаты диагнозы қойылды?” деген сауал автоматты түрде туындайды. Александр Гассманның сөзінше, жедел жәрдем өкілдері асығыс шешім қабылдаған.

АЛЕКСАНДР ГАССМАН, СҚО көпбейінді балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы:

– Жедел жәрдем өкілдері оқиға орнында негізгі диагностиканы жүргізе алмайды. Олар жабық бассүйек-ми жарақаты деп ойлаған. Балалар бізге келгесін жіті тексердік. Сонда мидың шайқалмағанына көзіміз жетті. Науқастар бүгін тағы біздің бақылауымызда болады.

Егер алаңдатарлық жайт анықталмаса, балалар ертеңнен бастап үйлеріне шығарылмақ. Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепке қайта ораламыз. Бүгінде білім ұясы қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Тек төбедегі сылақ құлаған сынып уақытша жабылған.

ДИНАРА РАҚЫШЕВА, Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Құрамына архитектуралық-құрылыс бақылау басқармасының, Төтенше жағдайлар департаментінің, білім мен құрылыс басқармаларының өкілдері және ата-аналар кіретін комиссия құрылды. Арнайы топ сыныпты жан-жақты тексереді. Егер қажеттілік туындаса, мектеп түгел техникалық бақылаудан өтеді. Оқу ұясына қатысты кепілдік мерзімі аяқталғанын хабарлаймыз. Осы орайда қоса кету қажет, алдағы уақытта шаһардағы өзге мектептер де тексерілуі мүмкін.

Орын алған жайтқа байланысты бастауыш сыныптарда балалары оқитын ата-аналар онлайн режимге ауысуды сұрапты. Мектеп басшылығы мұндай қадамға барудың қажет еместігін айтады. Себебі, кіші жастағы балалар нысанның өзге бөлігінде оқиды. Яғни, бұл блокта жоғары сынып оқушылары білім алады.

 

Байболат Құлтанов