Қоғам

5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні

“Мен еріктімін”. Бүгін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада осы атаумен “Халықаралық еріктілер күніне” орай іс-шара өтті. Жыл сайынғы өтетін жиынға өңірдегі барлық волонтерлік ұйым өкілдері қатысты. Басқосуда белсенді 21 адам құрметке бөленді. Геннадий Языков адалдығы мен жанқиярлық көмегі үшін алғыс хатпен марапатталды. Зейнеткер 78 жаста болса да көмекке мұқтаж жандарға көмектесуден жалықпайды.

ГЕННАДИЙ ЯЗЫКОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Көмекке зәру адамдарға көмектесуге әрқашан дайынмын. Қолымнан бәрі келеді. Зейнеткерлердің үйлеріне барып, қарын күреп, тұрмыстық жұмыстарды да істеймін. Мен үшін адамдарға жәрдем беру – басты парызым. Бүгін міне, еңбегім еленіп, марапат алып отырмын. Алғысым шексіз. Қолымнан әл кеткенше, адамдарға көмектесе беретін боламын.

Бұл ретте зейнеткерлер неге марапатталып жатыр деген сұрақ туындауы мүмкін. Айта кету керек, аға буын өкілдері биыл тасқын кезінде еңбек еткен жандарға өз ақылдарын айтып, бірнеше рет ыстық тамақ апарып берген болатын.

БЕЙБІТ ӘБІЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Осыдан 2 жыл бұрын облыстық ардагерлер кеңесі жанынан “Күміс еріктілер” тобы құрылған болатын. Жергілікті жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірге зейнеткерлерге қол ұшын созамыз.

Ал бұл шараның ерікті болудың қыр-сырын үйреніп жүрген жастар үшін берері мол. Осындай жиын арқылы ұл-қыздар аға буын өкілдерінің ақылын тыңдап, бір-бірімен тәжірибе алмасады.

ЕЛЕНА СКАКУНОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастырушы маманы:

– ТМД елдерінде 2024 жыл “Волонтерлік қозғалыс жылы” деп жарияланған болатын. Биылғы жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл ретте су тасқынын айтпай кетуге болмайды. Апат кезінде еріктілер бірліктің нағыз үлгісін көрсетті. “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясындағы бірде-бір іс-шарадан қалмады. Барлық салада қызметтерін жүзеге асырды. Биыл өзгелеріне қарағанда аса белсенді болдық деп айта аламын.

Айта кету керек, қазіргі таңда облыс бойынша еріктілердің саны 30 мыңнан асады.

 

Нұрасыл Ахмет