Орталық коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен брифинг өтті. Дәстүрге сай аймақ басшысы өңірдің жыл басынан бері жеткен жетістерін жіпке тізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Қойылған сауал аз болмады. Тілшілер көктемдегі су тасқынынан хабардар. Табиғи апат кезінде Петропавлдағы саяжай қауымдастықтарында тұрғын үйлердің болғаны мәлім. Үкімет қаулысына сәйкес, егер сол баспанада тұратын адамның барар жері болмаса, мемлекеттен көмек көрсетіледі.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Саяжай қауымдастықтарынан 95 жалғыз баспана анықталды. 63 үйді жөндеу үшін қаражат бөлінді. Қалған 32 баспана жөндеуге жарамайды, олардың иелеріне “Бірлік” шағын ауданынан үй бердік.
“Бірлік” шағын ауданы демекші, Петропавлдың солтүстік-батыс бөлігі қысқа уақыт ішінде көркейіп шыға келеді. Қаз-қатар үйлер тұрғызылды. Көп ұзамай кыс келді, күн суытты. Баспаналардың бүгінгі жағдайы қандай? Тұрғындар шағым білдіріп жатқан жоқ па? Ғауез Нұрмұхамбетовке осындай да сұрақ қойылды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Тұрғызылған 700 үйдің барлығында адамдар тұрып жатыр. Арнайы чат құрылғанын айтуымыз керек. Онда қала әкімі, құрылыс басқармасының басшысы мен мердігерлер бар. Егер қандай да бір сұрақ туындаса, мәселе сол жерде көтеріледі. Баспаналар 2 жыл кепілдікте болады. Бір кемшілік тіркелсе, мамандар дереу арада жояды. Үйлерді тұрғызған ұйымдардың барлығы – жергілікті. Әзірге, ешқандай шағым тіркелмеді.
Солтүстік Қазақстан облысына газ қашан жетеді? Билік әлі 2 нұсқаны қарап жатыр. Соның бірі – ресейлік көгілдір отынды тарту.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ресей Қытайға газ жеткізбек. Біз содан газ алуымыз мүмкін. Әлі есептеулер жүргізіліп жатыр.
Ағымдағы жылдың жазында облыста жаға ұстатарлық жайт орын алды. Бүтін бір отбасы уланып, балалар көз жұмды. Алайда, әлі күнге дейін қайғылы оқиғаның мән-жайы белгісіз. Сөйтсек, қылмыстық іс қозғалыпты. Мәселені көтерген журналистің айтуынша, күдікке 1 адам ілінген.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мұндай резонанстық оқиғалар бойынша маған полиция департаментінің бастығы үнемі ақпар ұсынып отырады. Орын алған қайғылы жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Сол себепті, мәлімет бере алмаймын. Бірақ, хат түрінде өтініш жолданса, департаменттен дерек алуға болады.
Жақында “Қызылжар” футбол клубының бұрынғы директоры Григорий Лорияға қатысты тергеу басталғаны мәлім болды. Ол бюджет қаржысын жымқырыпты-мыс. Әкім орын алған жайттан хабардар. Әзірге, пікір білдіруге ерте. Тағы бір жаңалық, алдағы жылы командада қазақстандық футболшылардың саны артады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Қызылжар” футбол клубында легионерлер бар. Олардың санын қысқарту бойынша тапсырма берілді. Қысқартамыз.
Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен өткен брифинг 2 сағатқа жуық болды. Аймақ басшысына онлайн және офлайн түрде ондаған тілші сауал қойды.
Байболат Құлтанов