Имантау-Шалқар аймағында жазғы туристік маусымы қалай өтті?
Туристік саланы қолдау шаралары қандай және даму келешегі. Аталған саладағы осы және өзге де өзекті мәселе Кәсіпкерлер палатасының бейінді сарапшылар кеңесінің отырысында талқыланды. Айыртау аудандық туризм бөлімінің басшысы Аманбек Махметовтің айтуынша ауданда 46 туризм нысаны бар екен. Оның барлығы бір сәтте 4 мыңға жуық қонақ қабылдай алады. Оның үшеуі – балаларды сауықтыруға арналған орталық.
АМАНБЕК МАХМЕТОВ, Айыртау ауданы туризм бөлімінің басшысы:
– “Сокол” атты балалар сауықтыру орталығының ұзақ жылдар бойы есігі ашылмай тұрды. Биыл нысанды кәсіпкерге сенімді басқаруға бердік. Орталық келесі жылы шомылу маусымына қарай жұмысын бастайды деген сенімдемін. Сондай-ақ, ауданда туристердің жазда да, қыста да демалуына арналған 9 аймақ бар. Ақкөл көлінің жағасында тұрған тағы бір демалыс орны биыл қолданысқа тапсырылды. Ал «Зейнеп» көпсалалы колледжінде туристерге тамағымен бірге қонақүйлік нөмірлер қарастырылған.
Салаға құйылған инвестицияға тоқталар болсақ, өткен жылы Имантау-Шалқар курорттық аймағында 500 млн теңгеге 5 бірдей демалыс орны кеңейтіліп, жаңғыртылған. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тапты. 160 млн теңгеге
4 нысан жөндеу көрді. Алыстан келе жатқан қонақтар Айыртау, Саумалкөл, Шалқар және Имантау төңірегін 2гис халықаралық картографиялық жүйесінен таба алады. Ал салаға қажет мамандар, мәселен, экскурсия жүргізушілері мен аудармашы-гидтер аудандағы екі бірдей колледжде оқытылады. Жолаушыға діттеген жерге жету үшін әуелі көлік, сосын жол керек. Ауданда биыл 1,4 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 39 шақырым болатын үш автомобиль жолы жөнделген. Бұл жұмыс келесі жылы жалғасын табады.
Жиынға қатысқан рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының төрағасы Сайран Хамза оқиғалық туризмді дамыту қажеттігін айтты. Яғни, «QymyzFest» және «Мөңке күні» фестивальдерін жаңғыртуды ұсынды.
САЙРАН ХАМЗА, СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының төрағасы:
– Теріскей өңірі – жылқы шаруашылығының отаны. Осы ретте «QymyzFest» фестивалін ұйымдастыру өте орынды деп санаймын. Пандемияға дейін үш рет өткізген болатынбыз, тәжірибе көрсеткендей өңір тұрғындары мен қонақтары қазақ халқының салт-дәстүріне толы фестивальға асқан құлшыныспен қатысып жүрді.
Мұндай шараларды ұйымдастыру арқылы көрші өңірлер мен елдерден туристер толқынын арттыруға болады. Бұл инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді дейді сарапшылар.
Данаш Хамза