Құқық қорғау органдары

Облыста күзден бері тіркелген 6 өрттің бесеуі мастықтың салдарынан болған

Кешкі сағат 6. Құтқарушылар мен полицейлер Жұмысшы кентінде жүр. Себеп – рейд.
Мамандар осы жолы ішімдікке жақын жандардың үйлерін аралап жүр. Өйткені, өңірде жылыту маусымы басталғалы тіркелген 6 өрттің бесеуі мастықтың салдарынан болған. Бір топ шендіні мына үйде күтпеген сыңайлы. Мамандар төр бөлмеде төртеудің арақ сіміріп отырған сәтінің үстінен түсті. Есін жия алмай жүрген жандардың пешке қарайтын шамалары жоқ сияқты.

МАРИНА САМОЙЛЕНКО, СҚО ТЖД штабының бас маманы:

– Үйдің пешін қарап шықтық. Ішінде оты жоқ. Бірақ, алдында және үстінде тез жанатын заттар жатыр. Олар: маталар, пластик және қағаз. Оған бір от ұшқыны тисе, лап ете түседі. Қурап тұрған үйде басталған өртті де сөндіру қиын. Бұл үйдің тұрғындары қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарайды. Барлығын түсіндіруге тырыстық, тек естір құлақ болса.

Мамандар бас сұққан екінші үйде барлық талаптар сақталған. Ерлі-зайыпты бала тәрбиелеп отырғаннан кейін бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қараймыз дейді. Үшінші үйде ақау пештен емес, сымнан табылды. Жарық өтетін тізбек оқшауланбаған. Ескерту – түзеу керек.

 

Мәдина Қаби