Ауыл шаруашылығы

Малға антибиотиктерді орынсыз салу зор мәселеге әкелуі мүмкін

Медицина адамды емдесе, ал ветеринария адамзатты емдейді! Атақты Карл Маркстың дәл осы пікірі әлі күнге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Күнделікті тұтынатын азық-түліктің сапасына тікелей қатысы бар мамандар білікті болғаны абзал. Сол үшін Қызылжар ауданында мал шаруашылығында антибиотиктерді дұрыс қолдану мен өзге де қауіпсіздік шараларына негізделген тәжірибелік тренинг ұйымдастырылды. Жиынға Астанадан ат терлетіп жеткен сарапшылар қатысты.

ЛЕЙЛА АҢСАБАЕВА, Қазақстандағы БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жобасының ұлттық үйлестірушісі, Астана қаласы:

– Менің ойымша, біз жаһандық қауіп жайлы сөз қозғап отырмыз. Жануарларды емдеу кезінде антибиотиктер орынсыз қолданылады, малды тез өсіру үшін де түрлі шаралар қолға алынады. Бұл жерде таяқтың екінші ұшына назар аударған жөн. Тәжірибе көрсеткендей, тұяқтылардың бойындағы микроорганизмдер жылдан-жылға дәрі-дәрмекке бой бермей бара жатыр. Бұған тосқауыл қоймасақ, адам денсаулығына қатер төндіреді.

Ойландыратын мәселе. Статистикалық дерекке сүйенсек, адам бойындағы инфекциялық аурулардың 60 пайызы жануарлар арқылы беріледі. Демек, іс насырға шаппай тұрғанда әрекет ету қажет. Қазақстандағы БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы проблеманы алдын алу жолдарын ұсынып отыр. Бұл ретте ветеринар мамандардың құлағына алтын сырға!

ЛЕЙЛА АҢСАБАЕВА, Қазақстандағы БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жобасының ұлттық үйлестірушісі, Астана қаласы:

– ФАО сарапшылары бүгін және ертең тренинг өткізеді. Мамандарымыз қатысушыларды жануарлар арасында індет таралмауы үшін, олардың денсаулығы мен өнім беру қабілетін арттыру мақсатында фермадағы қауіпсіздікті қатаң сақтауға үйретеді. Ойға түйгенді ветеринарлар қорасында мал ұстайтын адамдарға жеткізу керек. Өзге тиімді нұсқаларды ұсынып, бағыт-бағдар бергендері абзал. Мұның барлығы сіз бен біздің саулығымызға қатысты.

Ұйымның сарапшыларды Солтүстік Қазақстан облысын бекерден-бекер таңдамаған. Аймағымызда ұсталатын малдың да, шығарылатын өнімнің де саны мен көлемі ұлғаюда. Бүгінде біздің тәжірибені өзге өңірлер игеріп жатқаны жасырын емес.

ЕРБОЛ БӘГЕНОВ, Қызылжар аудандық ветеринарлық станциясының директоры:

– Қызылжар ауданында 36 ветеринарлық дәрігер бар. Олар ауылдық округтерде, шаруашылықтарда еңбек етеді. Бүгінгі шараға барлығы қатысып жатыр. Талқыға салынған мәселе өте өзекті де білеміз. Айтылғандар қағаз бетіне түседі. Әрмен қарай талқылап, қорытынды шығару, халыққа жеткізу – біздің міндетіміз.

Астаналық мамандар Қызылжар ауданымен шектелмейді. Олар Мамлют, Аққайың және Тайынша ауданда да болып, сала өкілдерімен жүздеспек.

 

Байболат Құлтанов