Мәдениет

Қошқарбай Жұматаевтың өлеңдер жинағы жарық көрді

Жақсының аты өшпес! Петропавлда белгілі ақын, журналист Қошқарбай Жұматаевтың “Жұлдызды жылдар жарығы” атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұл туынды 1991 жылы басылуы қажет болған. Алайда, белгілі бір себептермен оқырман қауымға жетпеді. Шабыт иесі өмірден озды. Оның арманын ізбасарлары араға 33 жыл салып орындады.

НИНА ЖҰМАТАЕВА, Қошқарбай Жұматаевтың зайыбы:

– Жұбайымның өмірден өткеніне аз болмаса да ойымнан бір сәтке де кеткен емес. Ол өлең жазған кезде ешқашан жоспар құрмайтын. Өмірде не көреді, соны қағаз бетіне түсіретін. Бір туындыны 1 сағаттың ішінде жазған кездері де болған. Осы өнеріне баламыз екеуіміз кейде таңқалатынбыз. Өзі өмірден озса да ұмытылмағаны қуантады. “Жақсының аты өшпес” деп бекер айтылмаған екен.

Қошқарбай Жұматаев 1952 жылы Шал ақын ауданына қарасты Кеңес ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын “Ленин туы” газетінде бастаған. Біраз жылдар бойы “Қазақтелефильм” киностудиясында тер төккен. Ақынның әрбір өлеңі жүрекке жылу ұялатады. Кітапқа көбінесе лирикалық туындылар түскен. Қошқарбай Тойжанұлы әріптестерінің арасында да сыйлы болған екен.

ҚОШАН ҚАЛИЕВ, Қошқарбай Жұматаевтың әріптесі:

– Жылдам жазған шығармаларының өзі оқырманның көңілінен шығатын. Адамгершілігі мол адам болды. Бауырмал болатын.

Айта кету керек, кітапқа 180-ге жуық өлең енген. Жинақты құрастырушылар – өңірімізге белгілі журналистер Ербақыт Амантайұлы мен Самрат Құскенов.

 

Нұрасыл Ахмет