Биыл белгілі әнші, сазгер, суырып салма ақын Біржан сал Қожағұлұлының туғанына – 190 жыл. Айтулы дата еліміздің жер-жерінде тойлануда. Осыған орай кеше Ақан сері атындағы облыстық филармонияда концерт ұйымдастырылды. Шарада ең алдымен аты өшпес азаматтың “Сырғақты”, “Он саусақ”, “Айтпай” атты туындылары шырқалды.
Шарада барлығы – 25 рухты ән шырқалып, күй де шертілді.
БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:
– Біржан салдың барлық әндерін білемін. Ақынның туындыларын жай адам тыңдай алмайды. Жалығып кетеді.
Қызылжарлық көрермендер дәстүрлі әнді сағынған. Оған дәлел – домбырасын қолға алған әншілерден қолқалап ән сұрағандары. Жиналған қауымның қошеметі зор болды. Шарада теріскейлік өнерпаздар ғана өнер көрсеткен жоқ. Концертке көкшетаулық сахна саңлақтары да шақыртылған.
СӘРСЕНБАЙ ХАСЕНОВ, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі:
– Ақынның мерейтойы біздің облыста да атап өтілді. Бүгін міне, Қызылжарға жолымыз түсті. Алдағы уақытта еліміздің түкпір-түкпірін аралайтын боламыз.
Айта кету керек, Біржан сал Қожағұлұлының бізге жеткен 60-қа жуық туындысы бар.
Нұрасыл Ахмет