Өңірде атқамінер жандардың журналистер алдындағы есептік кездесуі жалғасып жатыр. Кезек тамыздың 7-сі күні Шал ақын ауданы әкімі лауазымына тағайындалған Қайрат Омаровқа келді. Ел сенген азаматтың брифингке тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Ол қазақ және орыс тіліндегі бірнеше беттік баяндаманы сүт пісірім уақыт ішінде мүдірмей оқып шықты.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
– Аудан бюджеті жыл сайын өсіп келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 6 млрд-тан астам теңгені құрады. Бүгінгі таңда аудан бойынша орташа жалақы 10 пайызға артып, 258 мың теңгені құрайды. Осыған байланысты салықтар 17 пайызға ұлғайды.
Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде аудандағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 43,2 млрд теңгені құраған. Бұл – соңғы 13 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Өзіміз жақсы білетіндей, қарашаның соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жылқы шаруашылығын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Аталған бағыт Шал ақында ұмыт қалған жоқ. Бүгінде 10-нан астам шаруашылық Қамбар ата төлін ұстайды.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
– Жылқы шаруашылығы саласында да жақсы нәтижелерге қол жеткізілді: ауданда 15 шаруашылық жылқы өсірумен айналысады, оның ішінде біреуі асыл тұқымды жылқы өсіруде. Қой басын көбейту де дамып келеді, 8 шаруашылықтың ішінде біреуі асыл тұқымды қой өсірумен айналысады.
Шалақындықтар өндіріс саласындағы өзгерістермен де кеуде қаға алады. Ауданда жылдан-жылға өндірістік нысандардың саны артуда. Мысалы, биыл өңірімізге аса қажет зауыт іске қосылды.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
– Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп өнімі 4,9 млрд. теңгеге өндірілді, нақты көлем индексі – 100,2%. Ағымдағы жылы ауданда қуаттылығы сағатына 50 мың тонна болатын «Гранит Север» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асфальтобетон зауыты пайдалануға берілді. Іске қосылғаннан бері 68 мың тонна асфальт өндірілді.
Сергеевка қаласындағы тұрғындардан сүйінші сұрар күн де алыс емес. Биыл аудан орталығында 27 және 24 пәтерлік екі үй тапсырылады. Баспананың кілттері әлеуметтік осал топтағы адамдарға беріледі. Олар: көпбалалы аналар, жетім балалар және мүмкіндігі шектеулі жандар.
Байболат Құлтанов