Денсаулық сақтау

Жаға ұстатар жағдай: өңірде ЖИТС-ке шалдыққан ең жас науқас – 4 жаста

Ауру адам таңдамайды. Кез келген сәтте аяқтан шалып, алқымнан алуы мүмкін. Сіз бен бізді одан сайын күрсіндіретін жайт – өмірдің есігін енді ғана ашқан балалардың ауыруы. Жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромы деген бар. Түсінікті тілмен айтсақ, бұл – талайды сан соқтырған СПИД. Осы дертке шалдыққан өңірдегі ең жас науқан небәрі 4 жаста екен. Балақайдың тағдырдың тәлкегіне ұшырауына себепші – туған анасы. Яғни, ауру кішкентай жерлесімізге жүктілікке дейін тексерілмеген, арнайы тізімде болмаған жауапсыз нәзікжандының жатырында жатқанда жұғып отыр.

ҚАРЛЫҒАШ АҚЫНОВА, ЖИТС профилактикасы және қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың меңгерушісі:

– Жұқтырудың негізгі жолы – жыныстық қатынас. Көбі өзінің ауыратынын білмей, қатынасқа түсіп жатады. Егер адамдар өздерін мүшеқап арқылы қорғаса, онда алдын алу мүмкіндігі туады.

Бірақ, тауарға сенбеген абзал. Дүкендегі дүние 90 пайыздық қана кепілдік береді деген болжам бар. Адамдар медициналық тексеріске атүсті қарамағандары жөн. Себебі, СПИД тексеріс арқылы ғана анықталады. Ал дертке шалдыққандарға мемлекеттен тегін дәрі беріледі. Қарлығаш Ақынованың айтуынша, науқас тұрақты түрде дәрісін қабылдап жүрсе, қарапайым жандар сияқты өмір сүре алады. Дегенмен, әзірге ешқандай препарат ауруды жоя алмайды.

ҚАРЛЫҒАШ АҚЫНОВА, ЖИТС профилактикасы және қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың меңгерушісі:

– ЖИТС-пен ауыратын аудандағы адамдарға жылына 2 рет барып тұрамыз. Толықтай тексереміз. Аудандарда науқастарды қадағалайтын да мамандар бар.

Қазір ЖИТС профилактикасы және қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықта 40-қа жуық маман жұмыс істейді. Оның 20-сы – дәрігер. Мамандар сараптамаларды тексереді. Арнайы зертхана бар. Мұнда нәтиже 1 немесе 5 күннің ішінде дайын болады.

РУСЛАН АДИЯТОВ, ЖИТС профилактикасы және қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың зертханашы-дәрігері:

– Біздің зертханада күніне 500-ге жуық тексеріс жүргізіледі. Жақында ғана су жаңа аппарат сатып алдық. Ол нәтижеге жылдам қол жеткізуге көмектеседі. Лабаратория 3 бөлімнен тұрады. Біз келген қанды аппарат арқылы және неше түрлі химиялық затты қоса отырып зерттейміз.

Орталықтың табалдырығын тоздырмас үшін сақтық ережелерін білу қажет. Өкінішке қарай, қазір өңірімізде ЖИТС-ке 1400-ке жуық адам шалдыққан. Соның 100-ден астамы ағымдағы жылы тізімге қосылыпты.

 

Мәдина Қаби