Жылыту маусымы басталғалы ТЖД-нің қызметкерлері рейд өткізуді жиілеткен. Мамандар күндіз ғана емес, кешкі уақытта да баспаналарды аралайды. Себебі, кешке таман адамдардың көбі үйлерінде болады. Төтеншеліктер
Жұмысшы кентінде 30-дан астам баспанаға бас сұққан.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Рейдтік шараларды күнде өткіземіз. Түсіндіру барысында жылыту пештеріне, электр сымдарына ерекше назар аударылады. Адамдар барлық жағдайға сақадай сай болуы тиіс. Біздің тұрғын үйлерді аралауымыз тегіннен тегін емес. Себебі, өңірде орын алып жатқан өрттердің 75 пайызы жеке секторда тіркелді.
Іс-шара барысында мамандар тұрғындарды қауіпсіздік ережелерімен таныстырды. Пештерді тексерді. Жұмыс барысында халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлерге ерекше назар аударылған. Бүгінгі таңда 4 жарым мың баспана есепке алыныпты. Онда 13 мыңға жуық адам тұрады. Төтеншеліктер рейд барысында бұзушылықтарды да анықтады. Бірақ, айыппұл салмай, тек ескерту жасады.
ЕЛЕНА ЗАВЬЯЛОВА, қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы:
– Көбінесе көпбалалы отбасылардың үйлерін араладық. Аталған іс-шараны тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Біз төтеншеліктер үшін тізім дайындаймыз. Сол бойынша мамандар рейд өткізеді. Бүгін бірнеше олқылық тіркедік. Сол бойынша жіті түсіндіру жұмысын жүргіздік. Келесі рейд кезінде міндетті түрде осы үйге соға кетеміз.
Айта кету керек, өңірімізде жыл басынан бері 376 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 29 адам қаза тауып, 39-ы түрлі деңгейдегі жарақат алды.
Нұрасыл Ахмет