Қоғам

Облыстық аурухана қабырғасында тұрғындардың базынасы тыңдалды

Бірде-бір адамның мәселесі жерде қалмайды! Осындай ұстанымдағы “AMANAT” партиясы жергілікті филиалы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері облыстық көпсалалы ауруханаға келді. Мұндай мобильдік шығу денсаулық сақтау саласына қатысты түскен өтініштер негізінде ұйымдастырылып отыр. Бүгін бірнеше жерлесіміздің проблемасы қаралады.

ГҮЛФИРА РАМАЗАНОВА, “AMANAT” партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:

– Ағымдағы жылдың басынан бері филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесіне тұрғындар тарапынан 6 мыңға жуық өтініш түсті. Соның 57 пайызы шешімін тапты. Мобильдік шығулар ұйымдастырып тұрамыз. Олардың жиілігі мәселелердің көптігіне байланысты болады. Бүгінгі қабылдауға 10-нан астам адам жазылды. Азаматтарды түрлі проблема алаңдатады. Барлығы қаралады, біреуі де назардан тыс қалмайды.

Қоғамдық қабылдауға жазылған Айгүл Жақыпова көз жасына ерік берді. Азаматшаның баласы ауырады. Ал мүгедектік рәсімдейін десе алдында кедергі тұр. Емхананың меңгерушісі рұқсат бермей отырған көрінеді. Көмек сұрай келген нәзікжандының өтінішін арнайы топ тыңдады, соңында басқарма басшысы пікір білдірді.

ҚАНЫШ БИЖАНОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Біздің салаға, мамандарға қатысты ескерту айтып жатырсыз. Барлығы орынды. Мекемелерге қатысты талдау жүргіземіз. Жауаптыларды анықтаймыз. Мұндайға жол берілмеуі тиіс.

Кездесу барысында Қаныш Бижанов жауаптыларға мәселені жедел арада шешуді тапсырды. Енді құжаттар жоғары жаққа жолданбақ. Яғни, көп ұзамай мүгедектік рәсімделеді. Қоса кетейік, бүгін мобильдік топ биылдыққа осындай 14 көшпелі жиын өткізген.

 

Байболат Құлтанов