Солтүстік Қазақстан облысында тауарлы-сүт фермаларының саны артты. Бүгін Есіл ауданындағы Корнеевка мен Тораңғұл ауылдарында қос кәсіпорын іске қосылды. Ашылуға аймақ басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты.
“Атамекен Агро Корнеевка” фермасының құрылысы 2022 жылы басталған. Мұнда сонау Дания және Голландиядан мал әкелінді. Бүгінде 1500-ге жуық голштино-фриз тұқымды ірі қара жүр. Соның 300-і кеше ғана жеткізілген. Жобаны жүзеге асыруға 4 млрд теңге жұмсалыпты. Оның жартысын кәсіпкер қалтасынан шығарса, қалғанын “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” акционерлік қоғамынан алған.
АХАН ДҮЙСЕМБАЕВ, “Atameken agro” ЖШС басқарма төрағасының орынбасары, Есіл ауданы:
– Сүтті қаладан келген сүт зауытының мамандары алып кетеді. Жылына 9 мың тонна сүт өндіруді жоспарлап отырмыз. Бір күнде әр сиырдан 35-тен 40 литрға дейін сүт аламыз.
Марат Тасмағанбетов кәсіпорын қызметкерлерін ферманың ашылуымен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған топ Тораңғұл ауылына барды. Бұл елді мекенде де қуаныш. Мұнда “Азия Тарангул” серіктестігі кезекті ферманы іске қосты. Жерлестеріміз Австрия мен Германиядан 500 шақты симментал сиырын жеткізіпті.
ПЁТР ГОЛЬЦЕР, “Азия Тарангул” ЖШС директоры, Есіл ауданы:
– Маңызды іске бағытталған ақшаның жалпы көлемі – 4 млрд теңге. Құрылысты 2023 жылы бастаған едік. Қаражатқа сиырларымыз тұратын 2 үлкен орын, сүтті өндіретін нысан тұрғыздық. Қазір бізде 500 шақты бұзау мен сиыр бар. Әзірге, 25 маман қызмет етуде. Алдағы уақытта тағы бірнеше азаматты жұмысқа қабылдаймыз.
Солтүстік Қазақстан – тауарлы-сүт фермалары құрылысына жеңілдікпен несие беру бойынша бастаманы алғаш қолға алған өңір. Президент осы оң тәжірибені ел көлемінде таратуды тапсырды. Міне, бүгінгі қос жоба осы тапсырма аясында жүзеге асып отыр.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылы өңірімізде 38 инвестициялық жоба іске асырылуда. 8 бағыттан тұратын жобаларға 80 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның ауқымды бөлігі ауыл шаруашылығына бағытталды. Сол ақшаға 19 тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр. Бүгінде облыс бойынша 110 ферма бар. Жартысына жуығы заманауи саналады. Қазір өңіріміз – көпшілікке үлгі. Біз тәжірибе алмасуға дайынбыз.
Тораңғұл ауылындағы серіктестік сүт өндіріп, мамандарды жұмыспен қамтып қана отырған жоқ. Ұйым жұмысшыларына баспана ұсынады.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
– Бұл шаруашылықтар тұрғындарға жағдай жасап жатыр. Фермада жұмыс істеп жатқан жандардың кейбірінің үйіне су тартылды. Биылғы жылы Тораңғұл ауылындағы жұмысшыларға 6 үй салынды. Оларға жылу орталықтан беріледі.
Мереке Мұхамедияровтың сөзінше, мамандарға жағдай жасалса, ауылдан адам көшпейді, жұмысшы тапшылығы туындамайды. Жалпы, бүгінде Есіл ауданында 6 сүт фермасы жұмыс істеуде.
Мәдина Қаби