Экономика және қаржы

БАҚ өкілдері инвестициялық жобалармен танысты

Бүгін БАҚ өкілдеріне Петропавлда жүзеге асырылған инвестициялық жобалар таныстырылды. Тілшілер қауымына өндіріс саласындағы оң өзгерістер жайында облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов баян етті. Журналистер ең алдымен арақ зауытында болды. Кәсіпорын қыркүйек айында іске қосылған. Бұл жобаға 13 млрд теңгеге жуық қаржы құйылған.

БАҚ өкілдері өндіріс орнының әр бөлмесіне бас сұқты. Зауыт технологиялық мүмкіндігі бойынша сағатына – 8 мың шөлмек,ал жылына 36 млн данасын шығарады. Кәсіпорын өңірдегі ең ірі салық төлеуші зауыт болып табылады. Өткен жылы серіктестік мемлекет қазынасына 15,6 млрд теңге құйған. Оның 13,5 млрд-ы – акциздер.

ЛАРИСА КАШИНА, “Петропавл арақ зауыты” ЖШС бас технологы:

– Осы салада жүргеніме 30 жыл болды. Зауытта 160 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 270 мың теңгені құрайды. Кәсіпорында заманауи зертхана мен арнайы жүйелер бар. Барлық қондырғылар – еуропалық. Өнімдеріміз тек ел ішінде ғана сатылмайды. Шетелге экспортталады. Өндірген тауарымыз Ресей, Германия, Литва, Эстония, Грузия, Армения мен Моңғолия елдеріне жеткізіледі.

БАҚ өкілдері барған келесі нысан салынып жатқан “Самовар” қонақүйі болды. Жайлы орынның құрылысы 2023 жылы басталған. Жоспар бойынша келесі жылдың соңында қолданысқа берілмек. Жоба құны 1 млрд теңгені құрайды.

КОНСТАНТИН ПОЛТАВЕЦ, жеке кәсіпкер:

– Қонақүйде 58 адамға шақталған 34 бөлме болады. Құрылыс жұмыстары 70 пайызға аяқталды. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін мұнда 15 адам жұмыс істейтін болады. Ғимараттың жалпы аумағы – 1200 шаршы метр. 

Содаң соң тілшілер “Зеленый север” серіктестігіне ат басын бұрды. Мұнда тілшілерді кәсіпорын директоры Екатерина Асаёнок қарсы алып, жылыжай жайлы бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Бірегей жоба мемлекет қолдауының арқасында жүзеге асқан. “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылысына 5,8 млрд теңге бағыттаған. Қайтарымды негіздегі қаржыға серіктестік 1,4 млрд теңге қосқан.

ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, “Зеленый север” ЖШС директоры:

– Жылыжай өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Кәсіпорындағы барлық құрал-жабдық – голландиялық. Серістестікте 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Бір айдың ішінде 300 тоннадай өнім жинаймыз. Облыстағы қиярға деген сұраныстың 40 пайызын жауып отырмыз.

Бұл – “Nord Panels” серіктестігі. Кәсіпорында ағаш терең өнделеді. Жылына 50 мың текше метрге дейін өнім өндіретін зауыт осыдан екі ай бұрын ғана ашылған.

ОГУЗХАН ЧЕЛИК, “Nord Panels” ЖШС директоры:

– Петропавл қаласына 2019 жылы келдік. 5 жылдың ішінде айтарлықтай жетістікке жеттік.

Танысу шарасы соңында облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов өңіріміздегі барлық инвестициялық жобалар жайында баян етті.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Облысымызда 46 инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың жалпы құны 755 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына дейін 16 жобаны іске қосу жоспарлануда. Біз осы арқылы өңіріміздегі өндіріс саласын дамытқымыз келеді. Тиісінше, жаңа жұмыс орындары құрылады.

Айта кету керек, 2025 жылы өңірде жалпы құны – 292 млрд теңге болатын 20 инвестициялық жоба жүзеге аспақ.

 

Нұрасыл Ахмет