Ай артынан ай келіп, желтоқсанға да жеттік. Ағымдағы жыл несімен есте қалды? Әрине, мұндай сұрақ қойылса, ойымызға бірден теріскейдегі тасқын келеді. Көктемде ел болып күрсіндік. Топан су жолындағының барлығын басты. Қиын-қыстау шақта қазақстандықтар қолдау көрсетті. Демеу берген дүйім жұртқа аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов кезекті мәрте депутаттар алдындағы есебінде алғыс білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Барлығы төрт мыңға жуық үйді су басты. Оның жартысы Петропавл қаласында. Су тасқыны кезінде өңір халқы бір үйдің баласындай бірігіп, көмектесті. Осы үшін жерлестеріме алғысымды айтамын. Облыс тұрғындары өздерін нағыз патриот ретінде танытты. Мен барлық солтүстікқазақстандықтарды батыр деп санаймын.
Уақыт өтті, аяққа тұрдық. Тасқыннан зардап шеккендер үшін 700 үй салынып, ықшам ауданға «Бірлік» атауы берілді. Мұнда балабақша ашылды, келешекте мектеп салынады. Сонымен қатар, баспанасыз қалған бұқараға 1400-ге жуық пәтер сатып алынды. Апат қайталануы мүмкін. Осыған байланысты Петропавлдағы және Қызылжар ауданындағы бөгеттер 7 метрге дейін көтеріліпті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Алапат су тасқыны және кейін оның салдарын жою өңір экономикасына әсер етпей қойған жоқ. Дегенмен, негізгі салалар бойынша оң өсім байқалды. 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласы – 130,2%-ға, өнеркәсіп – 100,1%-ға, құрылыс – 127,3%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер – 122,9%-ға, инвестициялар – 109,4%-ға өсім көрсетті.
6,2 млн тонна! Биыл солтүстікқазақстандық диқандар осынша астық жиып, соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткішті тіркеді. Депутаттар алдындағы есебінде өңір жетекшісі негізгі салалардың барлығын қамтыды. Қуантарлық жаңалықтың бірі – ағымдағы жылы аймақта апатты жағдайдағы мектеп мәселесі толығымен жабылды. Алдағы уақытта тағы білім ұялары іске қосылады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Береке шағын ауданында мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектепке дейінгі білім беру саласы да дамып келеді. «Бірлік» шағын ауданының кішкентай тұрғындары үшін жаңа балабақша ашылды. Осындай балабақша «Береке» шағын ауданында ашылмақ. Алдағы жылы «Жас Өркен» шағын ауданында балабақша салынады. Осының арқасында тағы 600 бүлдіршін заманауи және жайлы балабақшаға барады.
Кездесу соңына таман депутаттар көкейде жүрген түйкілдерді көтерді, ұсыныс білдірді. Аймақ басшысы әр адамның айтқанын тыңдап, пікір білдірді. Есеп тыңдалып, мәселелер талқыланған соң халық қалаулылары дауыс берді. Олардың барлығы облыс әкімінің бастамаларына қолдау танытты. Шара марапаттау рәсімімен аяқталды. Көпшілік алдында бір топ депутаттың еңбегі еленді.
Байболат Құлтанов