Қоғам

Мұрат Абдулов: “Құлдықта болдым деген адам ауылда мотоциклмен жүрген”

Дүйсенбіде жергілікті журналистермен Уәлиханов ауданының әкімі дидарласты. Мұрат Абдуловтың тізгін ұстағанына көп болған жоқ. Бүгін алғаш рет тілшілер алдында төбе көрсетіп, баяндама оқып отыр. Биыл шалғайдағы шаруалар ерледі. Мыңдаған тонна астық жиды, малдың санын арттырды. Ашылған фермалар да баршылық.

МҰРАТ АБДУЛОВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Саланың жалпы өнім көлемі 20 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі 124,7% болды немесе өткен жылғы деңгейге қарағанда 24%-ға ұлғайды. Биыл қолайлы ауа-райының, қажырлы еңбектің және мемлекеттің тиісті қолдауының арқасында диқаншыларымыз мол өнім жинады. Қамбамызға гектарынан 15,5 ц болатын 147 мың тонна астық құйылды.

Өндіріс, денсаулық сақтау, құрылыс, әлеуметтік сала және білім беру. Әкімнің сөзінше, бұлардың барлығында алға жылжу бар, жетістіктер де жетерлік. Мұрат Абдулов әр пікірін сандармен дәлелдеді. Мысалы, биыл уәлихановтық 101 түлектің 90-ы грант иегері атаныпты. Ал сұрақ-жауап сессиясында атқамінерге жалғыз сауал қойылды. Жақында шалғайдағы ауданда адамның құлдықта болғандығы жайлы ақпар тарады. Бүгінде тексеріс жалғасуда.

МҰРАТ АБДУЛОВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Ол бала Жасқайрат ауылында жүрген. Тұрғындар көрген. Қолында телефоны болыпты, мотоцикл мінген. Тұрғындар баланың құқығы бұзылмады деп санайды.

Дегенмен, әлі мәселеге нүкте қойылған жоқ. Нақты шешім қашан шығатыны да белгісіз.

 

Байболат Құлтанов