Білім

Новоишимское ауылына жаңа мектеп қажет

Бұған дейін Петропавл қаласында, Мамлют пен Тайыншада әкім болған Руслан Аңбаевтың бүгінде Ғ.Мүсірепов ауданын басқаратыны бұқараға белгілі. Сөзден гөрі санға сүйенетін азаматтың қаржыгер мамандығын меңгергені бірден байқалады. Ол журналистермен жүздесу барысында ауданның даму қарқына байланысты әзірленген статистиканы бастан-аяқ баян етті. Алаңдатарлық мәселеге де тоқталды. Бүгінде Новоишимское ауылына жаңа мектеп ауадай қажет.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Аудан орталығында 3 мектеп бар. Оқушы саны жылдан-жылға ұлғайып жатыр. Жоспарымыз бойынша Новоишимское ауылында жаңа аудан пайда болады. Онда көпқабатты үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтереді. Алайда, оған дейін тапшылық туындатпас үшін білім ұясын салу керек. Мәселенің өзектілігін түсініп, қазір жобалық-сметалық құжат жасатып жатырмыз. Ғимарат 600 орынға шақталмақ. Сонымен қатар, 140 балаға арналған балабақша тұрғызғымыз келеді.

Бұл видеоны жергілікті белсенді түсіріп алған. Көріп тұрғандарыңыздай, көпір құлап жатыр. Есіл өзені бойындағы нысан аудан орталығы мен Бірлік ауылын байланыстырып тұрыпты. Жайсыз жайттың орын алуына байланысты қазір елдімекен тұрғындары ат шаптырым жердегі Новоишимскоеға бару үшін ондаған шақырымды еңсеріп жүр екен.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Бұл көпірді адам қолымен жасалған өткел дегеніміз дұрыс. Оған Бірлік ауылындағы серіктестік қызмет көрсетеді. Жалпы ұзындығы 15 метрді құрайтын нысанмен тұрғындар жазда ғана жүреді. Қарашаның 22-сі күні өзендегі мұз көтерілді. Салдарынан көпірге әсер етті. Біз мәселеден хабардармыз. Бүгінде жаңа көпір салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жұмысын бастадық.

Көпір құрылысы бір немесе бірнеше айда аяқталмайды. Ол болашақта ерке Есілдің ағысына, көліктердің салмағына шыдас беруі тиіс. Яғни, іске тиянақты қарау керек. Брифинг соңында Руслан Әкімжанұлы нысанның қашан тапсырылатынын нақты айта алмайтынын мәлімдеді.

 

 

Байболат Құлтанов