Мәдениет

Қазақ театрында елімізде ешбір театрда сахналанбаған қойылымның премьерасы өтті

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында комедиялық қойылымның премьерасы өтті. “Элгар Авеню” атты туындының авторы – ағылшын драматургі. Күлкі мен шытырманға толы спектакльді өнер ұжымының 7 актері сомдап шықты. Көрерменге жол тартқан қойылымның режиссері – білікті маман Асылхан Рәзиев.

АСЫЛХАН РӘЗИЕВ, “Элгар Авеню” комедиясының қоюшы режиссері:

– Қаз Қойылым 1 сағат 20 минутқа созылады. Жалпы, Рэй Кунидің туындылары әлемге танымал. Мен оның басқа да спектакльдерінде әртіс ретінде ойнаған болатынмын.

Қойылымға тоқталсақ, Генри есімді британдық метрода сөмкесін өзгенікімен абайсызда ауыстырып алады. Ал оның ішінде қомақты қаржы болады. Дәлірек айтсақ, 1 млн 750 мың фунт стерлинг. Күнделікті өмірінен жалыққан қарапайым есепші үшін бұл – өмірін өзгертуге таптырмас мүмкіндік. Алайда, бәрі ол ойлағандай оңай бола қойған жоқ. Осы ақшаның кесірінен небір қиындықты бастан кешірді. “Ұрлық түбі – қорлық” екендігін түсінді.

Қойылым комедия жанрында болғанымен көрерменге ұғындырар мән-мағынасы зор. Басты рөлде ойнаған Нұрбол Асқаровтың сөзінше, шетелдік кейіпкердің образын сомдап шығу қиынға соққан.

НҰРБОЛ АСҚАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Спектакльге 2 айға жуық уақыт дайындалдық. Себебі, театр әлеміндегі ең қиын жанр, ол – комедия жанры.

Театр актерлерінің табиғи таланты мен кәсіби шеберлігіне дүйім жұрт тәнті болды. Айту кету керек, бұл спектакль елімізде ешбір театрда сахналанбаған.

 

Нұрасыл Ахмет