Қалалық мемлекеттік кірістер басқармасында өткен брифингте жыл қорытындысы жарияланды. Басты мәселе – жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығы. Бұл – сұранысқа ие процедура. Мамандардың сөзінше, жыл басынан бері мемлекеттік органға петропавлдықтардан 503 өтініш түскен.
ЖАНАР ЧУВАТАЕВА, Петропавл қаласы бойынша МКБ бас маманы:
– Нәтижесінде 71 борышкер банкрот деп танылса, 94-і бойынша банкроттық рәсімі жүріп жатыр. Қалған өтініштер қабылданбады. Бас тартудың негізгі себептерін айтсақ, 12 ай ішінде берешектің өтелмеуі, мүліктің болуы, мемлекеттік қызметті көрсету кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалану үшін жұбайының немесе зайыбының келісімінің болмауы. Азаматтар банкроттыққа халыққа қызмет көрсету орталықтары, eGov.kz электрондық үкімет порталы және «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы өтініш беру мүмкіндігіне ие.
2024 жылғы 19 маусымда «Кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» ҚР Заңына түзетулер әзірленді.
ӘЛІБЕК ҚАНИЕВ, Петропавл қаласы бойынша МКБ бөлімінің басшысы:
– Өзгерістер банктермен және микроқаржы ұйымдарымен қарызды реттеу туралы құжаттарды ұсынуға қатысты болды. 12 ай ішінде «кешіктірілген» жағдайда мұндай құжаттарды ұсыну талап етілмейді. Беру процедурасын жеңілдеттік, интерфейс өзгерді. Яғни, сіз өзіңіздің жеке деректеріңізді толтырасыз, банкрот болғыңыз келетін банктер мен микроқаржы ұйымдарының тізімін бекітудің қажеті жоқ. Жүйенің өзі барлық тізімді іздейді.
Қоса кетейік, аталған түзетулер 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.
Байболат Құлтанов