Ауыл шаруашылығы

«Ауыл аманаты» жобасы: бескөлдік отбасының берекелі кәсібі

Ерлі-зайыпты Сатыбалдиндер аядай ауылда 800 тауық асырап, кәсібін өрбітіп отыр. Жолдасы еңбек демалысына шыққаннан кейін әйелі де жұмыстан қысқартылып қалған. Бұлай жұмыссыз жүре алмаспыз деп, кәсіп бастаудың қамына кіріседі. Бұл ойға алған ісінің орындалуына мемлекеттік «Ауыл аманаты» жобасы негіз болыпты. Ол 2,5 пайызбен алған 8 млн теңгеге ойланбастан тауық сатып алып, шағын ферма ашқан.

САРА САТЫБАЛДИНА, жеке кәсіпкер:

– Екеуміз де жұмыссыз қалған соң, екі қолға бір күрек керек болды. Өзім бұрын құс фабрикасында ветеринар болып жұмыс істегенмін. Кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасын естіген соң, бірден әкімшілікке барып, толығырақ таныстық. Құжаттарын дайындап, бизнес-жоспар құрдық. Үйімізді кепілге қойдық. Бізде шағын ферма ашуға ауламызда дайын үй болды. Содан алған қаражатымызға тауық, оның арнайы торларын, ал 20 пайызына жем сатып алдық. Былтыр 26 желтоқсанда ашылғанбыз, 1 жыл болды.

Кәсіпкерлер Бескөл ауылындағы дүкендердің бәрімен келісімге отырған. Оларға нарықтағы бағадан арзан бағада үй жұмыртқасын жеткізіп тұрады. Сондай-ақ, ауылдағы зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тезін жеткізу қызметі бар. Алдағы уақытта бизнес көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз дейді.

САРА САТЫБАЛДИНА, жеке кәсіпкер:

– Күніне 500 жұмыртқа болса, бір күнде сатып жібереміз. Қазір алған несиеміздің біраз бөлігін жаптық. Енді қалғанын жауып, қора-жайды кеңейтіп, инкубатор мен бройлер құрылғыларын сатып алғымыз келеді. Жұмыртқаны инкубациялап, жақсы аналық жұмыртқаны алғым келді.

2023 жылы жалпы Қызылжар ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 45 жоба қолға алынған. Бұған 398 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Осы арқылы 45 жаңа шағын және орта бизнес ашылып, 75 жұмыс орыны ашылды.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– «Ауыл аманаты» жобасы жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері өз техникаларын жаңартты. Ал одан басқа көлік жуатын орын, шаштараз, дүкен, сынды орындар ашылды. Ал мал шаруашылығының ішінде құс және жылқы фермалары ашылды.

Жалпы, ауданға 19 ауыл кіреді. Оның тек 5 ауылына «Ауыл аманаты» бойынша несие әзірге берілмеді. Аудан әкімнің айтуынша алдағы уақытта бұл ауылдарда да шағын кәсіпорындар ашылады. Ал нәпақа табамын дегендерге ауыл халқының әлеуетін арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы зор мүмкіндік әрі алғашқы баспалдақ іспеттес.

“Қызылжар” телеарнасы