Бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алу. Бүгін “Qyzyljar” креатив орталығында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында жиын өтті. Басқосуға қала колледждерінің студенттері қатысты. Мына отырған жастар – болашақ мамандар. Сондықтан, оларға осы бастан түсіндірме жұмыстарын жүргізген аса маңызды. Егер олар студенттік шақтарында пайдалы ақпарат алса, келешекте қателікке жол бермейді.
АРАМ, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің 3-курс студенті:
– Сыбайлас жемқорлық кез келген жерде кездеседі. Газет-журналдардан, теледидардан пара алған азаматтарға не болатыны жайлы көріп қаламын. Адал еңбекпен ақша тапқанға ештеңе жетпейді. Бүгінгі өткен жиыннан мол мағлұмат алдым. Болашақта айтылғандар өзіме қажет болатынына сенімім зор.
Сыбайлас жемқорлық – еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі. Бармақ басты, көз қысты әрекеттердің тамырына балта шабу қажет. Жиында жастарға егер пара алатын болса, оларды қандай жаза күтіп тұрғаны жайлы айтылды. Мұндай шаралар мектеп қабырғаларында да көптеп өткізіледі екен.
ДАНИЯР УӘЛИЕВ, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:
– Біз балаларды кішкентайынан адалдыққа баулимыз. Мысалы, емтихандарда көшірмеулерін жіті қадағалаймыз. Егер оларды телефонмен, шпаргалкалармен ұстап алсақ, осыған дейінгі нәтижелерін түгелімен жоямыз.
Айта кету керек, 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Осы айтулы датаға орай қаламызда түрлі іс-шаралар өтпек.