Солтүстік Қазақстан облысының сауда-экономикалық серіктестерінің бірі – Литва Республикасы. Жыл сайын алыс-беріс көлемі өсуде. Ағымдағы жылдың 9 айында сыртқы сауда айналымы 19%-ға ұлғайып, 1,7 млн АҚШ долларын құрады. Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов тараптар арасындағы кәсіпкерлікті одан әрі дамытып, тауар айналымын арттыруды көздеп отырғанын жеткізді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сыртқы экономикалық байланысымызды және сіздермен әріптестігімізді одан әрі нығайтуға үміттенеміз. 2019 жылы облыста “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағы құрылды. Инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынамыз, инфрақұрылым тұрғысында көмектесеміз. Қазір арнайы экономикалық аймақ аумағында “Класс” пен “Рейма” сынды неміс компаниялары, “Юдэй Холдинг” пен ” Nord Panels” сынды түрік компаниялары, “Просол” сынды итальяндық және “Хлебпром” мен “Уралкран” сынды ресейлік ұйым жұмыс істейді. Біз инвесторларымыздың қатарында литвалық азаматтарды көріп, жаңа жобаларды қолға алғымыз келеді.
Литва Республикасының Қазақстандағы елшісі солтүстік аймаққа алғаш рет келді. Сапардың басты мақсаты – Петропавлда Литва елінің консулдығын ашу. Бүгінде республикада Литваның 12 елшілігі бар. Бұл өзара байланыстарды нығайту бағытындағы маңызды дипломатиялық қадам болмақ.
ЭГИДИЮС НАВИКАС, Литва Республикасының Қазақстандағы елшісі:
– Консулдық кәсіпкерлікті, мәдениет пен білім беру салаларын дамытып, қандай да бір жағдай болса, Литва азаматтарына көмек көрсету сияқты басқа да функцияларды атқаратын болды. Қазақстан мен Литва бизнестің әртүрлі бағытында байланыстар орнатып үлгерді. Елдер арасындағы қарым-қатынас нығаю үстінде. Литва мен Қазақстан арасындағы сауданың көлемі айтарлықтай жоғары. 2023-ші жылы шамамен 800 млн долларды құраса, 2022-ші жылы 1,5 млрд болды. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастыруға болады.
Литва – Еуропа мен Орталық Азия арасындағы маңызды транзиттік елдердің бірі. Сондықтан, елші Қазақстан мен Литва арасындағы көлік және логистика саласын дамытуға баса назар аударды.
ЭГИДИЮС НАВИКАС, Литва Республикасының Қазақстандағы елшісі:
– Бізде Клайпеда порты бар. Сіздердің астықты немесе басқа да тауарды осы порт арқылы тасымалдауға болады. Мұндай шешім екі ел арасындағы сауда-саттықтың дамуына әсер етеді. Қазірдің өзінде кейбір литвалық азық-түлік өнімдерін қазақстандық дүкендердің сөрелерінен табуға болады.
Қос елдің арасындағы мұндай қарым-қатынастар экономикаға серпін беріп, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық одан әрі нығая түспек.
Данаш Хамза