Ауыл шаруашылығы

Малды ультрадыбыстық зерттеу. Ветеринарларға арналған семинар өтті

СҚО – ауыл шаруашылығы бойынша еліміздегі беткеұстар аймақтардың бірі. Әрине, сала тек егін егумен шектеліп қалмайды. Өздеріңіз білетіндей, оған мал шаруашылығы да кіреді. Шындығын айтқанда, ветеринарлардың көбі бірі Зеңгі баба төлін тексергенде көзбен қарап, қолмен ұстап диагноз қоя салады. Бірақ, қазіргі таңда заманауи технологиялар жетерлік. Осы жайында бүгін облыстық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында сөз қозғалды. Басқосуда көбінесе ірі қара малды ультрадыбыстық зерттеуден қалай өткізу керектігі жайында айтылды.

АЛТЫНБЕК АБДУЛЛАЕВ, СҚ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:

– Заманауи технологиялар арқылы іштегі бұзаудың жынысын анықтай аламыз. Негізінен, сиырлар бұзаулағаннан кейін 25 күнде толығымен қалыпқа келеді.

Толығырақ айта кетсек, ветеринарлар ірі қара малды ультрадыбыстық зерттеуден өткізу арқылы олардың денсаулығы мен буаздығын анықтай алады. Жатырдың жағдайын тексереді. Егер бедеу болса себебін анықтайды. Жиынға салада бірнеше жыл тәжірибесі бар қостанайлық мамандар келген. Олардың сөзінше, әр ауылдық округте Зеңгі баба төлін тексеретін кемінде бір заманауи қондырғы болуы тиіс.

ОЛЬГА КУЗЬМЕНКО, “КазВетСнаб” ЖШС директоры, Қостанай қаласы:

– Ультрадыбыстық зерттеу аппараттарын мал дәрігерлері көп қолдана қоймайды. Бұл құрылғылардың ең арзаны 2 млн теңге болса, қымбаты 16 млн теңге тұрады. Польша елінде жасалады. Бірақ, бұны дұрыс қолдана білу қажет. Мысалы, сиырды тексерер кезде ол тыныш жағдайда болуы тиіс. Мүлдем қозғалмағаны абзал. Қондырғыда датчик болады. Оның терімен байланысын жақсарту үшін малдың зерттелетін тұсына арнайы гель жағылады. Ветеринар осы арқылы ағзаның ішін толығымен монитордан көреді. Малдың ауру немесе сау екендігін анықтайды.

Жиынға қала мен аудандардан келген 40-қа жуық мал дәрігері қатысты. Мамандар осы сияқты басқосулардың жұмыс барысында зор септігі тиетінін жеткізді.

АРМАН ДӘУЛЕТОВ, ветеринар, Петропавл қаласы:

– Сиыр бұзаулағаннан кейін 40 күннен соң ұрықтандыруға болатынын білетінмін. Заманауи технологиялар арқылы 25 күннің ішінде ұрықтандыруға болады екен. Бүгінгі семинардан көп дүние үйрендім.

Айта кету керек, түстен кейін мамандар “Зенченко и К” серіктестігіне барып, ірі қара малдың қондырғы арқылы қалай тексерілетін қарайды.

 

Нұрасыл Ахмет