Осыдан үш жыл бұрын мектеп бағдарламасына оқушыларға мамандық таңдауға көмектесетін кәсіби бағдар атты қосымша сабақ енгізілді. Оған білім ұясының қабырғасынан арнайы мұғалімдер де бекітілді. Мамандар тәжірибе алмасып отырғандары жөн. Осыны “Сенімен Болашақ” қоғамдық бірлестігінің мүшелері ескеріп, семинар ұйымдастырыпты.
Оқушылардың кейбірі қандай мамандықты таңдарын білмей, бас қатыратыны белгілі. Мұндай шешуші сәтте ата-ана, туған-туыс ойын айтатыны тағы бар. Бұған семинарға қатысушы педагогтер қарсы. Олар әр бала өз қабілетіне байланысты мамандық таңдауы қажет деп есептейді. Ермек Мұстафин Есіл ауданында еңбек етеді. Ағамыздың айтуынша, қосымша сабақтың оқушыларға берері мол.
ЕРМЕК МҰСТАФИН, А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің педагог-кәсіби бағдар берушісі, Есіл ауданы:
– Мысалы, біздің ауданда автоматтандырылған әлеуметтік психологиялық электронды формат бар. Сол бойынша 6 тест өтеміз. Ол баланың мінезін, бейінін анықтайды. Кейін тесттің соңында баланың қандай мамандыққа барғаны дұрыс екені анықталады.
Жиында мамандарға әртүрлі бағыт бойынша нұсқамалар берілді. Оқушылармен тіл табыса білу, олардың қабілетіне байланысты жөн сілтеу жайлы кеңінен айтылды. Қоғамдық бірлестік өкілдері педагогтермен ғана жүздеспейді. Бұның алдында жерлестеріміз оқушылармен де кездесіп, экскурсия ұйымдастырған екен.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен Болашақ” ҚБ СҚО филиалының басшысы:
– Біз ата-аналармен келісіп, балларды кәсіпорындарға апардық. Кейін олар өздерінің ой түйгендерімен бөлісті.
Жалпы, семинарға облыстың түкпір-түкпірінен 44 педагог қатысты. Мамандар жинаған тәжірибені мектеп бағдарламасында қолданбақ.
Мәдина Қаби