Отбасының шырқын бұзып, жұдырық ала жүгіретін ерлер ғана емес, қазір ондай әйелдер де бар. Қалада тұрмыстық жанжалдар №8 учаскелік полиция пунктіне қарайтын аумақта жиі тіркеледі екен. «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы аясында полиция қызметкерлері жанжалқойлардың басын қосып, тағы бір мәрте тәртіп талабын түсіндірді. Мамандар осыған дейін үйлерінде жанжал шығарғаны үшін бірнеше мәрте жауапкершілікке тартылған 20-ға тарта адаммен кездескен.
– Задачами данной акции является именно разъяснение принимаемых и проводимых мероприятий государством по профилактике семейно-бытового насилия, разъяснение законодательства. И мы встречаемся с различными категориями граждан, разъясняем новое действующее законодательство, изменения.
Отбасында қол көтеруді әдетке айналдырғандар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тәртіп сақшылары оларға ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру сияқты құқық бұзушылықтар құрамы Қылмыстық кодекске көшірілгенін еске салды. Кездесуге қоғамдық ұйым өкілдері де қатысты. Мамандар жиналғандардың сұрақтарына жауап беріп, жанжалқойларды өмір салтын өзгертуге, алкогольден бас тартып, балаларына үлгі болуға шақырды.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, «Сенімен Болашақ» РҚБ СҚОФ жетекшісі:
– Бұл жерде әлі жұмыс жасалуы керек. Бұл бір күнде бітетін жұмыс емес. Себебі, бұның ішінде әр түрлі қиын тағдыр тәлкегіне түскен адамдар бар екен. Осыған байланысты түсіндіру жұмыстарын жиі-жиі жүргізіп тұруымыз керек. Бұл кісілерге көбінесе психологиялық қолдау керек. Кейбіреуіне ем-дом қажет. Осыған байланысты жалпы үкімет тарапынан, қоғамдық мекемелер тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатқаны туралы баяндап бердік.
Кездесуге жақындарының тағдырына алаңдайтын адамдар да келді. Мәселен, қала тұрғыны маскүнемдікке салынған 33 жастағы баласын ерікті немесе мәжбүрлі емдеуді ұйымдастыру процесі туралы сұраған. Бүгінде облыс бойынша 470-ке жуық отбасылық жанжалқой, 3 мыңнан астам маскүнем есепте тұр. 10 ай ішінде отбасылық тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 2 мыңнан астам қорғау ұйғарымы шығарылған.
Данаш Хамза