“Тәрбие – білім айнасы”. Осындай атаумен жергілікті “Өрлеу” орталығының мамандары қараша айының ортасынан бастап қашықтықтан халықаралық байқау ұйымдастырған болатын. Оған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Қазақстандықтардан бөлек қырғызстандық және ресейлік педагогтер де бақ сынаған. Бүгін байқаудың қорытындысы шығып, қатысқан оқытушылар онлайн форматта марапатталды.
ЛЕЙЛА ӘЛМАҒАНБЕТОВА, СҚО “Өрлеу” БАҰО директоры:
– Байқауға белсене қатысқандарыңызға үлкен рахмет.
Байқау осымен дәстүрлі түрде 9 жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Оқытушылар сегіз бағыт бойынша бағаланған. Тиісінше, орын саны да 8. Белсенділік танытқан өңірлер: Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан және Қызылорда мен Абай облыстары.
ӘЛИМА ҚАБДЕНОВА, байқаудың үйлестірушісі:
– Байқаудың негізгі мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдағы педагогтердің үздік тәжірибелерін насихаттау. Білім алып жатқан мамандардың кәсіби ынталарын ояту.
Жалпы, байқауда 253 адам біріге отырып 142 жұмыс дайындаған. Жүлделі орын алғандар грамотамен мадақталса, қатысқандардың барлығы сертификатқа ие болды.
Мәдина Қаби