М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің “Foundation” факультетіне жыл сайын алыс-жақын елдерден қандас тыңдаушылар келіп оқиды. Аталған игі жоба білім ордасында 2016 жылы қолға алынған. Мұнда ұлты қазақ шетел азаматтары 9 ай бойы ҰБТ-ға дайындалады.
Бүгін жергілікті білім ордасында тыңдаушыларды қатарға қабылдауға арналған мерекелік кеш өтті. Биылғы жылы “Foundation” факультетіне Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Иран мемлекеттерінен келген 75 ұл-қыз оқуға түскен. Ал былтыр олардың саны небәрі 43 қана болған.
НАСИХАТ СМАЙЛ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Foundation” факультеті деканының орынбасары:
– Ұл-қыздардың жоғары оқу орындарына түсуіне зор септігімізді тигіземіз. Оларға тек біздің университетке оқуға түсіңдер деген талап қоймаймыз.
Кеште ән де айтылды, би де биленді. Тыңдаушылар шоу ұйымдастырды десек артық айтқандық емес. Әрине, бұл қыз-жігіттер үшін өзінің туып өскен жерінен жырақта оқу оңай емес. Бірақ, олар тарихи Отандарына келгендеріне еш өкінбейді.
ЖӘНІБЕК СЕРІКЖАН, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Foundation” факультетінің тыңдаушысы:
– Мұнда маған бәрі ұнайды. Жаңа достар таптым. Әрине, басында қиыншылықтар болды. Бірақ, уақыт өте келе үйреніп кеттім.
Іс-шараға барлығы – 300-ге жуық адам қатысты. Қандас тыңдаушылардың өнері көпшіліктің көңілінен шықты.
Нұрасыл Ахмет