Қоғам

Екі қолға бір күрек іздегендерге арналған жәрмеңке

Әлібек Ахмет бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келіп, полицейлердің жұмысы жайында мағлұмат алуда. Ол Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде 4-курста құтқарушы мамандығына оқиды. Арманы – тәртіп сақшысы болу. Жас жігіт ұсынылған ақпарды саралап көрмекші.

ӘЛІБЕК АХМЕТ, жұмыс іздеуші:

– Жәрмеңке жайлы колледждегі оқытушылардан білдім. Барып көрейін деп шештім. Полицейлердің жұмысы қызықтырады. Біріншіден, мемлекеттік қызмет, екіншіден төлемақы қарастырылған. Яғни, бар жағдай жасалған. Сондықтан, осы саланы таңдағым келеді. Қажетті мәлімет алдым, енді тағы да ойланамын.

Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №48 мекемесіне 6 жұмысшы қажет. Оның 4-еуі – офицерлік, ал 2-еуі сержанттық лауазымдағы. Таңнан бері мамандардың алдына бірнеше адам келген.

БОЛАТ АЙСАҚОВ, СҚО бойынша ҚАЖД №48 мекемесі бастығының орынбасары:

– Жұмысқа орналасқысы келетіндердің жасы 35-тен аспаған. Денсаулығы мықты болуы қажет. Жалақы 160 мыңнан жоғары болады. Одан басқа тұрғын үй төлемі бар. Жұмысшылардың қызметі – сотталғандарды түзету жолына қою.

Облыс орталығында өтіп жатқан бос жұмыс орындары жәрмекесінде 40-қа жуық ұйым өкілдері 1800-ге тарта жұмысшы іздеді. Бұл тұрғыда Enbek.kz сайты бар. Дегенмен, ол кейбіреуіне түсініксіз және қолайсыз болуы мүмкін. Осы жайт ескеріліп, шараны офлайн форматта өткізу жайлы шешім қабылданыпты.

АМАН ТӨРЕГЕЛДИН, СҚО “Еңбек мобильділігі” орталығының директоры:

– Мұндай жұмыстардың қорытындысы жақсы болғаннан кейін біз жиі ұйымдастырып тұрамыз. Жұмыс іздеушілер көзбе-көз жұмыс берушімен сөйлесіп, жағдайды дұрыс түсіндіре алады. Тұрғындарға осындай жәрмеңке ыңғайлы. Тезірек жұмыс тауып ала алады.

Облыста жыл басынан бері осындай 130-дан астам жәрмеңке өткізілген. Нәтижесінде 500 шақты адам жұмыс тауып, орналасқан. Жалпы, “Мансап” пен “Еңбек мобильділігі” орталығы біріге отырып биыл 11 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған.

 

Мәдина Қаби