Спорт

Әлем кубогінің жүлдегері Батырхан Қайырбек Петропавлға оралды

Өңірімізде Батырхан Қайырбекті білмейтіндер кемде-кем. Белгілі спортшы теріскей намысын байрақты бәсекелерде бірнеше жыл бойы абыроймен қорғап жүр. Кеше толағайымыз бізді тағы да қуантты. Бұл жолы ол әлемнің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналған әлем кубогында бақ сынап, жүлдегер атанды. Бүгін қазақ күресі палуаны Петропавлға оралды. Оны дүйім жұрт қошеметпен қарсы алды.

БАТЫРХАН ҚАЙЫРБЕК, қазақ күресінен әлем кубогының күміс жүлдегері:

– Жарысқа тыңғылықты дайындалдым. Финалға дейін польшалық, қырғызстандық және әзірбайжандық палуандарды жеңдім. Ақтық сында командалас әріптесіме жол бердім.

Ел мерейін асырған спортшы – көздерінде оты бар жастарға үлгі. Оны қарсы алу шарасында байқауға болады. Бір топ бала палуанның қасынан шықпай, қолтаңбасын алып жатты. Батырхан болашақта өзінен асып түсетін шәкірт тәрбиелегісі келеді екен.

ТӨЛЕГЕН ЖЕТПІСБАЕВ, қазақ күресінен СҚО бас бапкері:

– Біз барлық жарыстарға жыл он екі ай дайындаламыз. Соның нәтижесінде талай байрақты бәсекелерде жеңімпаз атандық. Биылғы жылы қатысқан додалардан жүлдесіз қайтқан емеспіз. Жалпы, облыста қазақ күресі қарқынды дамып келеді. Айналысам деуші жастардың саны еселеп артуда. Оларға күрес залымыздың есігі әрдайым ашық.

Батырханды алда түрлі додалар күтіп тұр. Бозкілем шебері сәл тыныққан соң, алдағы жарыстарға дайындықты бастамақ.

 

Нұрасыл Ахмет