Журналистер алдында есеп беру эстафетасын Аққайың ауданының әкімі Жанар Құсайын жалғады. Тоғыз жолдың торабында әрі облыс орталығына жақын орналасқан ауданда оң өзгерістер жетерлік. Азаматшаның сөзінше, барлық салада тұрақтылық байқалады, өсім бар. Мысалы, инвестиция тарту жайына тоқталайық.
ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:
– Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында Аққайың ауданына тартылған инвестиция көлемі 13,4 млрд теңгені немесе 95,5% құрады. Негізгі капиталға қаржы құю жұмысы жалғасуда. Жыл қорытындысы бойынша 15,5 млрд теңге күтіледі, бұл өткен жылдың деңгейіне сәйкес келеді. Қуантарлық жайт, ауданның тауар өндірушілері ауыл шаруашылығы саласына қомақты қаражат бағыттап жатыр.
Бірнеше беттік баяндама оқылғасын кезек сұрақ-жауапқа келді. Кейбір журналистерге аудандағы жағдай таныс. Мәселен, дамудың даңғыл жолына түскен Аққайыңдағы ауылдардың бірінде әлі күнге дейін интернет нашар. Қуанышымызға орай, ел мақтаған елді мекендегі мәселе келер жылы шешіледі.
ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:
– Дайындық ауылында интернет шалағай. Мәселе 2025 жылы шешіледі.
Мына видео Смирново ауылында түсірілген. Тұрғын үйлерге жақын жерге бір емес, бірнеше элеватор салыныпты. Салдарынан маңайға шаң тарайды, ал гуілдеген дыбыстан ми шайқалады. Орайы келгенде мәселені шешу жайын әкімнен сұрадық.
ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:
– Ауылдағы 3 үй элеваторлар орналасатын жерде салынған. Араларындағы қашықтық 35-50 метрді құрайды. Жоспарға сәйкес, бұл төңіректе тек өндірістік нысандар болуы тиіс. Қазір тұрғындар қиындық көруде. Мәселе сотта қаралды, алайда тұрғындардың өтініші орындалмады. Бүгінде проблема қайта қаралып жатыр. Сот халықтың пайдасына шешім шығарады ғой деп сенеміз.
Тұрғындарды толғандырған мәселе бүгін-ертең шешілмейді. Егер түптің-түбінде сот халықтың пайдасына шешім шығарса, билік бірнеше нұсқа ұсынады. Оның ішінде жерлестерімізді ауылдың өзге тұсына көшіру де болуы мүмкін.
Байболат Құлтанов