Спорт

Түркияда өткен дүбірлі додада атой салған теріскейлік спортшылар үйге оралды

Кешегі жаңалықтарда Түркияда кикбоксингтен қарулы күштер арасында өткен І ашық халықаралық ойындарда ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені теріскейлік Нұрсұлтан Жақыпов салғанын айтқан болатынбыз. Бүгін танымал спортшы үйге оралды. Оны теміржол вокзалынан жақындары мен әріптестері сән-салтанатпен күтіп алды.

НҰРСҰЛТАН ЖАҚЫПОВ, жарыс жеңімпазы:

– Жарыста 3 кездесу өткіздім. Түркиялық, өзбекстандық және германиялық қарсыластарымды тізе бүктірдім. Финалдағы кездесу қиынға соқты. Әзер дегенде жеңдім деп айтсам болады. Бір жарым айдың ішінде 2 ірі байрақты бәсекеде жеңімпаз атандым. Бұл – менің талай жылдар бойы төккен терімнің жемісі.

Байрақты бәсекеде Нұрсұлтаннан бөлек Айбек Төлебаев, Айдар Жүніспаев сынды жерлестеріміз ел мерейін асырған болатын. Соңғы аталғаны кикбоксингпен 10 жылдан астам уақыт айналысады.

АЙДАР ЖҮНІСПАЕВ, жарыстың қола жүлдегері:

– Менде Нұрсұлтан сияқты 3 кездесу өткіздім. Молдовалық және әзірбайжандық қарсыластарымды тізе бүктірдім. Хорватиялық спортшыға жол бердім. Тактикалық тұрғыда қателік жібердім деп ойлаймын. Бапкерлердің қойған нұсқауын дұрыс орындамадым. Қызбалыққа бой алдырдым. Бұл мен үшін сабақ болды. Алдағы жарыстарда мұндай қателікке бой алдырмайтын боламын.

Жуан жұдырықты жігіттердің арқаны кеңге салатын уақыттары жоқ. Спортшылар әрмен қарай тер төкпек. Алда ірі додалар жетерлік.

ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы:

– Дүбірлі додаға менің 3 тәрбиеленушім барған болатын. Үшеуі де жүлделі оралды. Осыдан-ақ өңірімізде кикбоксингтің қарқынды дамып келе жатқанын көре аламыз. Менің басқа да шәкірттерім барған жарыстарынан жүлдесіз қайтпайды. Бұл – мен үшін зор абырой. Алда жарыстар көп. Сәл тынығып алып, жаттығуды қайта бастаймыз.

Айта кету керек, дүбірлі додада 13 елдің 100-ден астам спортшысы бақ сынады. Қазақстанның намысын 11 жігіт қорғады. Отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 7 қола медаль еншіледі.

 

Нұрасыл Ахмет