Қоғам

Мамлют ауданында сүт өңдейтін шағын зауыт ашылады

Журналистер алдында есеп беру кезегі Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненкоға келді. Басшылық тізгінді тура 1 жыл 19 күн бұрын қолына алған азаматша баяндаманы қағаздан емес, электрондық қондырғыдан оқып ерекшеленді. Ауыл шаруашылығынан бастайық. Болашақта ауданда бірнеше өндірістік нысан ашылады.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:

– «Қызыләскер» серіктестігінде 400 сиырға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Оның жылдық қуаты 2000 тоннаны құрайды. Жобаның жалпы құны – 2,2 млрд теңге. «Белое-Агро» серіктестігінде 2025 жылы сиыр етін қайта өңдеу цехын ашу жоспарлануда. Кәсіпорында абердин-ангус тұқымды малдың мәрмәр етінен жартылай фабрикаттар жасалмақ. Сонымен қатар, «Ахитовка» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі базасында сүт өңдейтін шағын зауыт ашу көзделген.

Мамлют ауданы Меңгесер көлімен көпке танымал. Биыл емдік қасиеті бар су айдынында 10 мыңнан астам адам болыпты. Демалушылар және жергілікті тұрғындар емін-еркін қатынау үшін жол жөндеуге ерекше мән берілген. Халықты сумен қамту бағытында да алға жылжу байқалады.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:

– Бүгінде аудан тұрғындарының 86% таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2025 жылы Дубровное ауылында сумен жабдықтау жобалары іске асырылады. Сонымен қатар, Афонькино, Воскресеновка, Михайловка, Краснознаменное, Бексейіт ауылында және Мамлютка қаласында тіршілік көзімен қамтамасыз ету нысандарының құрылысы басталды. Мұндай бастамалар Искра және Щучье ауылдарында жүзеге асырылады.

Өңір тарихындағы алғашқы әйел әкімді алаңдатып отырған мәселе – дәрігер тапшылығы. Биыл ауданға 4 маман келіпті. Дегенмен, проблема толық шешілмеген.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:

– Ауданымызға 7 маман қажет. Хирург, кардиолог, онколог-маммолог, психиатр-нарколог, терапевт және жалпы тәжірибедегі дәрігерлерге жұмыс бар. Мамлютка – қала статусындағы елді мекен. Ауылды жердегі көтермеақының көлемі жоғары. Осыған байланысты түлектер бізді таңдай қоймайды. Алайда, біз қол қусырып отырған жоқпыз.

Спорт саласы жайлы да айтайық. Биыл аудан орталығында заманауи дене шынықтыру және сауықтыру орталығы ашылуы керек болған. Жауапсыз мердігер барлығын жерге қаратыпты. Енді нысанның таспасы келесі жылы қиылмақ.

 

Байболат Құлтанов