Спорт

Әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов тәлім-тәрбие алған спорттық мектеп-интернатта болды

Облыстық әкімдіктегі жиыннан кейін еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов өзі білім алып, шыныққан облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-олимпиадалық резерв колледжінде болды. Чемпионды мұнда артынан еріп келе жатқан ізбасарлары мен ұстаздары сән-салтанатпен қарсы алды.

Еліне елеулі, халқына қалаулы спортшы үшін бұл мектептің орны бөлек. Себебі, спорттық мансабын осында бастады десек артық емес. Ең алдымен әлем чемпионы жастармен кездесу өткізді. Әрине, Нұрқожа Қайпановтың мұндай жетістікке жетуіне ата-анасының қосқан үлесі зор. Теріскейлік танымал азамат облыс орталығына жанашырларын бірге ерте келген. Тиісінше, білім ұясында әкесі Аралбек Жайлауовқа да құрмет көрсетілді.

Содан соң жеткіншектер чемпионға өз сұрақтарын қойды.

Нұрқожа Қайпанов та жастарға ақыл-кеңесін, чемпион болудың сырларын айтты. Адамда 10 пайыз ғана талант болатынын, ал қалғаны тыңғылықты дайындықтың арқасында келетінін жеткізді.

НҰРҚОЖА ҚАЙПАНОВ, еркін күрестен әлем чемпионы:

– Ең бастысы уақытында жатып, уақытында тұру қажет. Дұрыс тамақтану керек. Дайындықтан ешқашан қалмаған дұрыс.

Спорт залындағы басқосу аяқталғаннан кейін білім ордасында оқитын жастар чемпионмен естелікке суретке түсіп, қолтаңбасын алды.

НҰРҚОЖА ҚАЙПАНОВ, еркін күрестен әлем чемпионы:

– Спорт мектебінде 2010-2015 жылдар аралығында оқыдым. Күрестегі іргетасым осында қаланды деп айта аламын.

Басқосуға барлығы – 150-ден астам жас қатысты. Айта кету керек, Нұрқожа Қайпанов бүгін облыс орталығындағы басқа да спорттық нысандарды араламақ.

 

Нұрасыл Ахмет